«Ақыр соңына дейін күрес!» Дәл осы ұранды ту еткен спорттық драма таспалап жатқан Ақан Сатаев түсірілім алаңында бас көтерер емес. Ал дәл осындай маңызды сәтте режиссердың жанынан ауқымды команда табылды. Олар әр кадрдың шынайы шығуына жіті көңіл бөлуде. Сондықтан да Серік Сапиев жайлы мағлұмат жинап, сценарий әзірлеуге ұзақ уақыт кеткен көрінеді.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Фильмге жақсылап дайындалдық. Жобаға кіріспес бұрын, біз оны қағазға түсіріп аламыз. Серік Сапиевтің биографиясын толығымен зерттедік, ата-анасымен арнайы таныстық. Бұл өте маңызды.
Еске салсақ, ауқымды жоба «Satai Film» киностудиясы мен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен» бірлесе таспалануда.
Әр туындысына баласындай қарайтын Сатаев мырза, мақсат – басты рөлді сомдайтын кейіпкерді дұрыс таңдау болды деп отыр. Олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің рөлі мыңдаған үміткердің ішінен Смадиар Сабыровқа бұйырған.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Смадиарды тапқан кезде қатты қуандық. Түсірілім алаңында кәсіби спортшылар Смадиарды арнайы дайындықтан өткізді. Бүгіннің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Менің көңілімнен шықты.
Смадиар үшін аталмыш жоба үлкен экрандағы дебюты. Кино саласына алғаш қадам басқан жас жігіт актер болуды бала күнінен армандағанын айтады. Оған қоса Сабыров бокспен айналысқан екен.
Смадиар Сабыров, бас кейіпкер:
- Мен өзім бесінші класстан бастап боксқа қатысқам. Арасында басқа да спортпен айналысқам, бірақ көбінесе бокс. Боксер киносына дайындық болды. Дайындық жеңіл емес, күніне 3 рет тренеровка болған ең басында. Трамвалардың бәрі шығып, дененің бәрі ауырып басында бірінші аптада.
Смадиардың жаттықтырушысының рөлін сомдау театр актеры Игорь Ермашовқа сеніп тапсырылған. Өнер иесі лентада, Сапиевке жетекшілік еткен, бокстан спорт шебері Александр Стрельниковтың образында. Ал Серіктің ата-анасы ретінде Ирина Ажмұхамедова мен Бақтияр Қожа бекітілген.
Игорь Ермашов, актер:
– Мысалы қолғаптың өзін киіп көрмеген адаммын, бокспен айналыспағанмын. Актер болған соң біз кез-келген образды мінсіз сомдауымыз керек. Сондықтан барлығын оқып, жаттығып, үйрену қажет болды.
Спорттық драма 2021-ші жылың жазына қарай олимпиада ойындары қарсаңында көрерменге жол тартпақ.