Тамыздың 17-сінен бері Қазақстанның әр азамты билікте бақ сынап көруге ұмтылды. Бәріне себеп Нұр Отан ұйымдастырған «праймериз» яғни партия ішілік сайлау. Саясатқа бақталас болғандардың бірі шоу-бизнес майталмандары.
Өнер өкілдерінің арасынан басым дауыспен алға суырылып шығып, депутат атанған – Мейіржан Түребаев болды. Актер өзінің инста парақшасында аталмыш жаңалықты сүйіншілеген еді. «Өнердің тасын өрге домалатамын», - деген ол, тек шындықты ту етуді көздейтінін айтады.
Жастардың мәселесін жастар көтеруі керек! Бұл праймеризде бақ сынаған журналист – Асхат Садырбайдың сөздері. Асхат мырза агитация барысында елдегі өзекті мәселелерді тілге тиек еткенін айтады.
Асхат Садырбай, журналист:
– Бағдарламамның басты бағыты ретінде, жастардың өзекті мәселелерін таңдап алдым. Ол жұмыссыздық мәселесі, баспана мәселесі, студенттердің жатақхана мәселесі, жас кәсіпкерлердің проблемасы, қол жетімді спорт тақырыбы. Сондай-сондай еліміздегі жастардың ең өзекті проблемаларын алдым.
Қажетті дауысты жинай алмаса да, журналист қоғамдағы белсенділігінің тоқтап қалмайтынын, керісінше одан да белсенді бола түсетінін айтады.
Ал өнерде жүріп, саясатқа кетуге Меруерт Түсіпбаева қарсы екен. Әнші: «Адам бір бағытты жетік меңгеруі керек», - дейді. Әзірге Меруерт ханымның жоспарында билікке қарай ойысу жоқ екен.
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
- Саясатты мен сияқты адамдар дәл қазіргі уақытта керек емес. Мен сияқты тік мінезді адамдарды саясат жек көреді, қабылдамайды. Өйткені мен оларға бір қарсы пікір айтуым мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта... Егер мен Ресейде тусам, Ресейде депутат болар едім.
Праймеризге қатыспаса да, биліктен ұсыныс күтіп жүргендердің бірі – Алтынай Жорабаева екен. Әнші «қашанғы сахнада жүреміз» дейді.
Алтынай Жорабаева, әнші:
- Егер ұсыныс түсіп жатса, оған білмеймін, баруға болады деп ойлаймын. Енді қашанғы сахнада жүреміз мысалы. Қырықтан астық қазірдің өзінде, иә... Аяқтың өзін аңдып басатын уақыт. Бала-шаға өсіп келе жатыр.
Бүгінде билік пен өнердің шылбырын босатпай нық ұстап жүрген әншілердің ішінде: Мейрамбек Бесбаев, Жеңіс Сейдоллаұлы, Қыдырәлі Болманов бар.