Отандық шоу-бизнесте жұптарын жасырып, өмірлік серігінің жүзін жұрт көзінен тасада ұстайтындар жетерлік. Мәселен, Динара Сұлтан әлі күнге дейін жолдасының жүзін жасыратындар қатарында. 6 баланың анасы, бүлдіршіндерінің әкесін барынша құпияда ұстаса да, ел құлағы елу.
Динара Сұлтан, әнші:
-Негізі мен бұрындары айтпайтын едім. Бүкіл құпияны ашпай-ақ қояйын деп. Қазір енді не қалды, ешқандай құпия жоқ. Сый – ол менің балаларым, менің жан жарым.
Актриса Әсел Сағатованың да жары кім екенін білмейтіндер табылары сөзсіз. Киногердің жолдасы өзінің де, балаларының да суретін желіге жүктегеніне қарсы болып шықты. Сондықтан бикеш қысқаша ғана мағлұматпен шектелді.
Әсел Сағатова, актриса:
- Үлкен ұлымның есімі Алдияр, ал қызым Айрис. Есімдерін жолдасым екеуміз ақылдасып қойдық. Бүгінде ата-анамыздан бөлек тұрамыз.
Сондай-ақ, Қарлығаш Мұхамеджанова да жеке өмірі жұрт көзінен тыс болғанын қалайды. Тіпті сылқымның тұсаукесерінде де Қарлығаштың сүйгені жарын қолдап төбе көрсетуді жөн көрмейді.
«RINGO WORLD» ұжымының экс-солисттері Батыр Байназаров пен Әсел Жамақаева да кезінде қыз бен жігіт болып кездесіп жүргенін барынша жасырып келген. Тіпті ғашықтардың арасындағы сезім жайлы бір отбасы болып кеткен Ринголықтар да білмеген көрінеді.
Аян Бірбаев, «Rin’Go» тобының әншісі:
-Үйленіп жатқанын 3 апта бұрын ғана білген адаммыз, сондықтан ...ну айтпай жүрген үш апта қалғанда бізге жария етті. Бұның да белгілі себептері бар, бірақ шыны керек бізге айтпады.
Себеп деп сылтауратқандар қатарында жас отбасы Айжұлдыз Адайбекова мен Қыран Талапбек те бар. Жас отбасы үш жыл «махаббатымызға көз тиеді» деп қорыққан көрінеді.
Қыран Талапбек, режиссер:
-Бақыт тыныштықты қалайды деп көз тимесін деп. Сөзге қалып қалмайық деп. Адамдар бұлар хайп үшін жүріп жүр деп ойламасын деп. Әңгіме болмасын деп, содан кейін үндемей қоя салайын дедік. Тек көп адамдардың ортасында көзге түспеуге тырыстық негізінен.