Өнер өкілдері екіге бөлінді! Бірі карантинге қарамастан той тойлап, ән шырқап жүрсе, екінші тарап сақтық шараларын сақтауға үндеуде. Тіпті, Ләйлә Сұлтанқызы ережеге бағынбайтындарды ақылға келуге шақырды.
Бүгін COVID-19-ға байланысты елімізде бірқатар шектеулер енгізілді. Яғни демалыс күндеріне Қазақстанның алты бірдей қаласында: ойын-сауық орындары, сауда үйлері, азық-түліктік және азық-түліктік емес базарларының жұмысы тоқтатылмақ. Ал отбасылық отырыстар мен тойларға әліге дейін рұқсат жоқ.
Бірақ соған қарамастан той тойлап, күнкөрістің қамына кірісіп кеткен әртістер қауымы жетерлік. Мәселен күні кеше бір бөбектің тұсауын кесіп, ән айтып жүрген Шахизада жұрттың сынына қалды. «Бұлар ережеге бағынбай ма?», - дейді ашулы ел.
Ал Ләйлә Сұлтанқызы әріптестерінің бұл қылығын ақтап ала алмайтынын, ереженің бәріне ортақ екенін айтады. «Тіпті, қажет болса заң алдында жауапқа тарту керек», - дейді ол.
Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші:
– Сақтық шараларын ескерткеніміз жөн. Сол сақтық шараларын менің ойымша, сақтық шараларын ұстанбаған, сақтық шараларына бағынбаған адамдарды мүмкін жазаға тарту керек шығар.
Сондай-ақ Нұр-сұлтан қаласында тұрып жатқан тележүргізуші, елордада ахуалдың мүшкіл екенін айтады. Сұлтанқызы отбасын індет ошақтарынан барынша оқшаулап жүргенін жеткізді.
Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші:
– Шынындада Нұр-сұлтанда жағдай мәз емес. Кеше ғана денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле ханыммен сөйлескенде, «бізде жағдай яғни Нұр-сұлтанда, Италиядағы болған жағдай қайталануы мүмкін» деп қалды. Ол дегеніміз жедел жәрдем көп жерлерге барып үлгермейді. Ауруханаларда орын жоқ деген сияқты.
Алғашында індеттке атсүті қараған Айқын Төлепберген де желі арқылы дабыл қағып, оқырманын сақтық ережелерін ұстануға үндеді. «Достарым, таныстарым ауыра бастады. Ауруханаларда орын жоқ. Дистанция сақтаңыздар», - дейді ол.
Айқын Төлепберген, әнші:
– Бұл індеттің, бұл коронавирустың таралмауының жалғыз ғана жолы бар, жалғыз ғана жолы – үйде отыру. Себебі сіз өзіңіз білмей ауырып тұрсаңыз, сыртқа шығып басқа адамдарға жұқтыра аласыз. Ауырмай тұрсаңыз сіздің подъезіңізде бір адам ауырып тұрса, сіз одан жұқтыра аласыз және қолмен ұстау арқылы, ауа арқылы.
«Мерекелерді кейінге шегеру керек», -деген Зарина Омарова да бүгінде түсіп жатқан тойларынан бас тартып жатқанға ұқсайды.
Зарина Омарова, әнші:
– Әрине қазіргі уақыттағы карантин барлықтарымызға оңай болып жатқан жоқ. Негізінде әр адам, әр жан қазіргі уақытта адами құндылықтарды түсінгендей сияқты болып жатыр. Сақтық ережелерін дұрыс, дұрыс ұстанып жүрген дұрыс деп есептеймін.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде бірқатар шенеунік аталмыш індетті жұқтырған. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы тапсырған сынамасынан COVID-19 анықталған.