Шоу-бизнесте шатақ шығармасаң, атағың артпайды! Бұл өнерге енді ентелегендердің пікірі. Лайк пен хайпқа бола бар жандарын салып жүрген жастар үшін Шахизада күйінетінін айтады. Ал жалыны басылмағандар бұның бәрін қалыпты көреді. Неге?
Лайк үшін абыройдан аттап кететін шоу-бизнес өкілдері көбейді. Бірі бұны танымалдылыққа тез жетудің тиімді жолы деп білсе, енді бірі «образ» деп ақталады. Мәселен инстаграмда қазақи әшекей-бұйыммен, шешініп шыққан Шырын Нарчаеваның бірден оқырман саны артты. Сосын Шырынды «Айжан Байзақоваға еліктейді» дейтіндер көбейді. Бірақ Байзақованың бір қылығы бәрінен асып түсті.
Айжан – ел назарын аудару және аудиториясын ұстап тұру үшін өзінің жалған тойын жасады. Бұл талайды таңғалдырған «жыл пранкы» болды.
Желіге ашық суреттерін жиі жүктейтін – Әсел Асқар да атағының ортайып қалуынан қорқады. Сондықтан актриса лайктан қағылмас үшін барынша контентін жандандырып отырады.
Әсел Асқар, актриса:
- Мен жолдасымнан алдын-ала рұқсат сұраймын, мына суреттерді жүктеуге бола ма деп. Ол келіседі. Жақсы шыққан фотомызды неге салмасқа?!
Ал Дарья Александрова ашық фотоларын әдейі жүктейді екен. «Бөксем мен төсімнің суретін салған күні статистикам көтеріледі» дейді актриса.
Дарья Александрова, актриса:
- Оның көмегі зор, мысалы мен қызымның суретін салсам, 1,5-2 мың ғана лүпіл жинайды, ал бөксемді жүктесем, 7 мың лүпіл болады. Олар мені топ ішінен бөксем арқылы табады да, парақшама кіріп, пайдалы жазбаларымды оқып, аккаунтыма жазылуды ұйғарады. Бұл – қулық.
Ал Сиви Махмуди «лайк үшін тырысатындардың қатарынан емеспін. Инстаграмдағы алдамшы атақ үшін жан таласатын адамдарды түсінбеймін» деп қысқа қайырды.
Сиви Махмуди, әнші, продюсер:
- Кішкене кірлеу. Ойды бұзатын дүниелер көп. Анандай жаман тілмен айтқанда «шайтандар» көп азғыратын!
Сиви лайкқа бола жан таласпаса да, оңтайлы пиардың орайын жібермейтіндердің бірі. Мәселен өзі түсірген «Соқыр махаббат» фильмінің жарнамасы үшін әнші, бүтін көліктің әйнегін шаққан еді.
Ал шоу-бизнесте ширек ғасырдан бері жүрген Шахизада, хайп пен лайк қуған жастарға қапалы. «Бәріне өз еңбегіңмен, маңдай теріңмен жеткен дұрыс қой» дейді әнші.
Шахизада, әнші:
- Мен 33 жылдың ішінде неғып жынданып кетпей жүр екенмін, сол былықтың барлығын көріп?