Рұқсат берсе де, шетелге шықпаймыз! Коронавирустан қорыққан өнер өкілдері бұл жылы Түркия мен Мысырдың жағажайынан бас тартуға әзір. Жазғы демалысын жоспарлап қойған олар, енді отандық туризмді қолдаймыз деп отыр. Тіпті, кей жұлдыздар саяхатының кестесін әзірлеп қойған көрінеді.
Жаз маусымы басталмастан экзотикалық елдерге асығатын жұлдыздарды биыл Алакөл мен Бурабай жағасынан табасыз. Отандық туризмді қолдауының себебін бірі – коронавируспен түсіндірсе, қалғандары карантин қалтаға ауырлық түсіргенін мойындауда.
Нұргүл Нұғманова, әнші:
- Жо-жоқ шетелге бармаймын. Қазақстанның түкпір-түкпір жерлері бар. Әп-әдемі жерлері бар. Балам үшін ғана сол Алакөлге барып, шомылып, рақаттанып қайтармыз.
Елдегі туризмді қолдайтындар қатарында композитор Ринат Гайсин де бар. Өнер иесі биылғы демалысын әріптесі Секен Тұрысбековпен бірге өткізуді жоспарлап қойған.
Ринат Гайсин, композитор:
- Екеуміз сол Секен Тұрысбековтың ауылына барып Зайсан жаққа, шығыс жаққа барып келеміз деген ойымыз бар. Аз болса демалып, - күн саумал ішіп деген сияқты, табиғатты қарап. Бір-бірімізге әндерді айтып. Ондай тұлғамен, қасында жүру деген ол да бір өзімнің арманым.
Карантиннің арқасында еліміздің көрікті жерлерін көзімізбен көріп, тұмса табиғатымен тамсанып қайтамыз деген өнер иесі, әріптестерін отандық туризмді қолдауға шақырады.
Ринат Гайсин, композитор:
-Біз қазақ жерінде көптеген жақсы-жақсы жерлер бар. Иә ішкі туризмді деген өндіру деген, немесе ішкі туризмде жүру деген ол ғажап нәрсе. Жалпы қазақ елімізді сүйтіп қадірлемесек, кім қадірлейді бізден басқа.
Десе де, жырақтағы демалысты артық санайтындар да табылды. Мысалы, жылына кем дегенде 3 рет мұхит асатын Жания Джуринская коронавирус деп, әдетінен таймақ емес. Сылқым сыртқы әуеқатынасы ашылса, еш ойланбастан саяхатқа аттанбақ. Әзірге Джуринскаяның таңдауы Түрік еліне түсіп отыр.