Карантиннен кейін көрерменге жол тартатын картиналардың афишалары шықты. Мәселен Жеңісхан Момышевтің «Базар жоқ, Мексикасы» 15 маусымнан бастап көрермендерді қуантуға әзір! Ал төтенше жағдай қырғидай тиіп, касса жинап үлгермеген кинолар қайтадан прокатқа шыға ма?
Карантин – прокатқа шығатын біраз Отандық киноөнімдердің көрсетілімін кейінге шегеріп тастады. Енді екі ортада дағдарып қалған продюсерлер фильмдерінің тұсаукесерін әртүрлі уақытқа белгілеп әлек болып жүр.
Мәселен көптен күтілген комедия – «Тойхананың» тұсаукесері 1 шілдеге жоспарланып отырғанға ұқсайды. Бірақ картинаның продюсері Құралай Анарбекова: «Бұл нақты дата емес. Бәріміз 25 маусымды күтіп отырмыз», - дейді. Аталмыш фильмнің түсірілім жұмыстары өте қарқынды басталған еді. Тіпті Анарбекова сюжет желісінің ерек екенін айтып мақтанған болатын.
Құралай Анарбекова, продюсер:
-Әрине, «Тойхана» деп аталғанымен, әрине, біздің әртістеріміз бар танымал, бірақ та осы барлық оқиға өмірде кездеспеген. Егер де өмірде кездессе, қалай әртістер өздерін көрсете біледі деген мағынада жаңа фильм түсіріп жатырмыз. Өте қызықты.
Анарбекова осы сөздерімен алда болатынды болжағандай әсер қалдырады. «Тойханасының» трейлеріне үңілсек, айналадағы ахуалды аңғарамыз. Сюжет бойынша, Қазақстанда үйленуге, той жасауға тыйым салынғандықтан, әртіс-әншілер тұрақты табыс көзінен айырылып, шақыртылған жерлерден қалмай жасырын түрде барып ән салады екен. Фильм прокатқа шыққан соң, бүгінгі күнмен тұспа-тұс келген оқиға желісін тамашалаушылар саны көп болары сөзсіз.
Ал талай танымалдарды бір түсірілім алаңына жинаған «Базар жоқ, Мексиканың» тұсаукесері 15 маусымға жоспарланып отыр. «Бірақ жағдайға байланысты жоспар кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін», - дейді фильм режиссері Жеңісхан Момышев.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
– «Базар жоқ, Мексика» екінші апрельде шығуы керек болатын. Карантинге байланысты 15 июньге қойылып жатыр. Алла бұйыртса 15 июнь еш нәрсе өзгермесе «Базар жоқ, Мексиканы» көресіздер.
Кейінге шегерілген картиналар қатарында: Нұртас Адамбаевтың «Келинка Сабина 3», Айқын Төлепбергеннің «Где мое кольцо» фильмі және Дина Тасболатова, Жахан Отарғалиев сынды танымал актерлар түскен «Любовь на миллион» кинолентасы бар. Қала берді Баян Алагөзова да «Пышкасын» қайтадан прокатқа шығаруға ниетті екен. Соған қарағанда продюсердің өнімі әлі өзін ақтамаған сыңайлы.