Сурая, Райана, Риана, Лейлана және Тасним! Бұл шоу-бизнес өкілдерінің балаларына қойған ерекше есімдері. Танымалдар ат таңдауда да барынша өзгешеленіп қалуға тырысады екен. Мәселен Динара Сұлтан үшін сәбилерінің есімі 4 әріптен аспауы өте маңызды.
Алтын алқаға үміткер, шоу-бизнестің көпбалалы анасы Динара Сұлтанның бүлдіршіндерінің есімі ерекше. Тұңғышы Сурая болса, кейінгілері - Сара, Мұса, Иман, Мәди және Әмре. Әдетте дүниеге келген нәрестеге ат қою отағасының еншісінде. Алайда Динараның есімге қатысты қояр жалғыз талабы бар.
Динара Сұлтан, әнші:
- Төрт әріптен артық болмау керек деп ойлаймыз, және де жеңіл болу керек. Көбінесе отағамыз қояды есімді, үйреніп қалғанбыз. Сұрамаймыз да.
Динара сынды Айқын мен Жұлдыз да ат таңдағанда, оның қысқа да нұсқа болуын қалайды. Сондықтан танымал отбасы кенже қыздарына Айя есімін қойған.
Ал Нұржан Керменбаев болса, сәбиіне ат қою жауапкершілігін желідегі оқырмандарына сеніп тапсырған. Қара бала көптің пікірімен кенжесіне Тасним есімін таңдады. Мағынасы арабшадан аударғанда Жаннаттағы бұлақ атауын білдіреді екен.
Тұңғышын АҚШ-та босанған Лидо болса, сүйікті әншісінің құрметіне қызына Рианна деп ат таңдаған. Кейіннен Досалина ханымның шаңырағында бүлдіршіндерге «Р» әріпінен басталатын есім қоя кішігірім дәстүрге айналғандай. Әншінің Риана, Рахман, Рамис және Рамина деген балалары бар.
Танымал цирк әртісі әрі шоумен Мұрат Мұтырғанов та ұлына кумирінің есімін қоюды жөн көрген. Оның атұстары поп-королі Майкл Джексонмен аттас. Бүгінде кішкентай ханзада әкесінің сүйікті әртісі сынды танымал болуды армандайды.
Мұрат Мұтырғанов, цирк артисі
- Өнер адамдарының көбісі балаларының әртіс болғанын құп көрмейді. Мен керісінше, ұлымның артист болғанын қалаймын. Қазірден бастап ел назарында болуды үйрене берсін деймін.
Сәбилеріне ерекше есім таңдағандар қатарында «Асыл» тобының әншісі Ғалия Мұратова да бар. Ғалияның тұңғышы Алияр болса, қызының есімі – Лейлана. Ал, 39 жасында алғаш ана атанған Дильназ Ахмадиева ұлына Зейдан деген айрықша ат қойды.