Ернар Айдардың үстінен қылмыстық іс қозғала ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Алматы қаласынан 1 бөлмелі пәтер, 4 автокөлік. Бұл Ернар Айдар жарнамалаған лотерея ойынына тігілген ұстыстар. Бірақ бұл батпан құйрықтың соңында құйтырқы қылық жатқанын Ернардың өзі де білмепті-мыс. 9900 теңгеден, 20 000 мың билет... Жалпы соммасы 198 миллион ақша... Хитмен бұл істе күдікті ме, куәгер ме?

Жұлдыздар жаппай лотерея ойынын ұйымдастырса, жұрт ойланбастан билет алады. Кейбірі тіпті бір айлық еңбекақысын жаратып жібереді. Өйткені ел алдында жүрген өнерпаз, халықты алдамасы анық қой.

Бірақ бұл жолы бәрі басқаша өрбіді. Ернар Айдар жарнамалаған ойыннан өрт шығып, 20 мыңға жуық адам сан соғып қалды. Алғашында «бір ғимаратқа 12 адамды жиып, карантин режимін бұзды» деген ақпарат тараса, кейін әліптің арты басқада жатқаны белгілі болды.

Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің ресми мәлімдемесі бойынша, 9 900 теңгеден, 20 000 билет сатылған. Бұл дегені 198 миллион теңге. Ұтысқа тігілген 4 автокөлік пен Алматы қаласындағы 1 бөлмелі пәтер ойын үшін, уақытша жалға алынған болып шықты. Қазір Ернар Айдардың өзі үйіне қайтарылған, ал лотерея ұйымдастырушылары уақытша ұстау изоляторына тоғытылыпты.

Ернар Айдар, әнші:

-Сол ұтыс ойынын ұйымдастырған ұйымдастырушылардың барлығы қамауда. Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол тергеу жұмыстарының әділ өтуіне мен де өз тарапымнан көмегімді беріп жатырмын. Сол тірлікке жарнама жасаймын деп, мен де алданып қалдым ағайын.

«Алдандым» деп сан соғып отырған әріптесін Мөлдір Әуелбекова сабырға шақырды. Десе де Мөлдір, «бұл жағдай бәрімізге үлкен сабақ болды» дейді.

Мөлдір Әуелбекова, әнші:

– Қандай жағдай болмасын бәрібір әр адам айналып келгенде жауапкершілігін сезіну керек. Енді ойлаймын ол Ернарға да, бізге де, өнер адамдарына да, яғни жалғыз бізге де ғана емес, қарапайым халыққа да үлкен сабақ болсын деп ойлаймын.

Ал Айжан Нұрмағанбетова болса, өнердегі інісін қолдайтынын айтады. «Әртістер аңғал әрі аңқау келеді және оны пайдаланып кеткісі келетіндер көп» деген Нұрмағанбетова, Ернар Айдардың ісі оңынан аяқталса екен деп тілек білдірді.

Айжан Нұрмағанбетова, әнші:

- Енді Алла тағала одан сақтасын, енді кішкентай баламызды жеп қоюға болмайтын шығар. Қалай болғанын мен білмеймін, оны жасайтын әншілер емес қой, актерлар емес. Оларға ұсыныс жасайды. Бізге де сондай ұсыныс болған пәтер, машина. Ондай ұсыныстар бізге де келеді.

Ернар Айдарға қатысты пікірлерін білейік деп,әншінің өнердегі аға-әпкелеріне хабарласқанымызда, «бәлесінен аулақ» деді ме кім білсін, олар аттондарын ала қашты. Бұл іске байланысты бар ақпарат осы, әзірге тергеу жұмыстары жүріп жатыр.