Әйелдерімді ұрғаным рас, оған себеп те бар! Дәл осылай ашық мәлемдеме жасаған Марат Башаровтың басы дауға қалды. Енді, қаһарға мінген қалың көпшілік ресейлік актерды «Қоғам қайраткері» мәртебесінен айырмақ. Дәл осы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты отандық өнерпаздар да ашулы пікірлерін білдірді.
Марат Башаровтың дәл осы мәлімдемесі көпке жаға ұстатты! Ресейлік актер сұхбат барысында экс-жұбайларын не үшін ұрып соққанын ашық айтып, таңқалдырды. Еске салсақ, Башаров осы кезге дейін үш рет заңды түрде отау құрып, үш рет ажырасып кеткен еді.
Марат Башаров, актер, тележүргізуші:
- Мен кінәлімін, мойындаймын, өзімді ақтамаймын да. Мүмкін сол сәтте ашуға берілмеуім керек пе еді. Бірақ әйелімнің де кінәсі бар.
Башаровтың айтуынша, бұл жағдайда жұбайларының өздері де кінәлі. Мәселен, Мараттың айтуынша екінші жары актриса Екатерина Архарова ішімдікке құмарлығы үшін таяқ жесе, үшінші әйелі Елизавета Шевыркова жиі ашуына тиген екен. Башаровтың бұл сұхбатынан кейін, көпшілік оны «Қоғам қайраткері» атағынан айыруды талап етіп отыр.
Еске салсақ, жақында әнші Мөлдір Әуелбекова да журналистердің біріне сұхбат беріп, көптің талқысына түскен еді.«Әйел таяқ жесе, демек тілінен табады», - деген Мөлдірдің пікірін кейбір әншілер де қолдайтындай.
Зарина Омарова, әнші:
- Қазір әйелдер енді. Орынды біліп жүру керек деп есептеймін.
Алайда, кезінде соққыға жығылып, экс-күйеуінен таяқ жеген Баян Алагөзова бұл сөздерге қарсы тұрды. Өзінің көргенін өзгелер бастан кешірмесін деген продюсер, тұрмыстық зорлық-зомбылық болмас үшін, барлығын заң жүзінде шешуге шақырады.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Мен феминизм туралы жиі сөз етемін. Көбісі мұны ерлерді жек көру деп қабылдайды. Алайда, «Фемида» сөзінің өзі гректің әділеттілік құдайы ұғымынан алынған. Демек, әйелдер мен еркектердің құқығы тең болуы керек.
Толқын Забирова да өнердегі әріпесімен толықтай келісіп отыр.
Толқын Забирова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Әрине мен қарсымын. Ешкімнің ешқандай қақысы жоқ әйел жанға қол көтеру, жаман сөз айту. Бұндай ерсі қылықтардың көбісі тәрбие көрмегендіктен деп ойлаймын. Сосын сауатсыздықтан, санасыздықтан.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері көбейген. Мамандардың мәліметі бойынша, жылына 400 әйел күйеуінен таяқ жеп, көз жұмады екен. Ал карантин кезінде бұл статистиканың саны екі есеге дейін артқан.