Қызыл кілем, жарқыраған жұлдыздар мен қаумалаған папарацци өкілдері! Әлемнің әр елінің кіл мықты киногерлерін жинайтын Канн фестивалі биыл да шымылдығын түруі тиіс еді. Алайда, пандемия кесірінен жетпіс жылдық тарихы бар халықаралық шара өткізілмейтіні көптің көңілін күпті етті!
Есесіне, бұдан-былай киносайыс та онлайн форматқа көшпек! Күні кеше тарихта тұңғыш рет «We Are One: A Global Film Festival» кинофестивалі желі арқылы өтетіні белгілі болды. 29 мамыр мен 7 маусым аралығында жоспарланған ерекше киносайыста коронавирус кесірінен кейінге шегерліп, фестивальдерде көрсетілмей қалған картиналар ел назарына ұсынылады. Оның ішінде: Канн, Венеция, Берлин және өзге де бірқатар мәртебелі киношаралардың туындылары жетерлік.
Ерекше форматтағы фестивальдің ұйымдастырушылары – Tribeca жобасы мен YouTube желісі. Шара аясында халық фильмдерді жарнамасыз тегін түрде тамашалай алмақ. Есесіне, көрермен өз қалауы бойынша қайырымдылыққа қаржы құя алады. Онда жиналған бар ақша COVID-19 індетімен күреске жұмсалады.