Желіде желдей ескен бұл жазба, көп адамды дағдартып тастағаны рас. Даудың басы Уәлибек Әбдірайымовтың қазіргі қазақ киносы жайлы айтқан өткір пікірінен басталыпты. «Шаншар» театрының директоры «фильмдеріңде ана тілді қорламаңдар. Ауылды аяқасты етпеңдер» деп ескерту айтқан. Бірақ қазақ киносының миллиардері «шын жанашыр болса, неге хабарласып бетіме айтпайды», - деп ашудың асау атына мініп отыр.
Біз мән-жайды толыққанды Қоянбаевтың өз аузынан есту үшін хабарласқанымызда, продюсер сұқбат беруден бас тартты. Десе де Нұрлан мырза ойын бүкпесіз «whats app» желісі арқылы жазып жіберді.
Екінші тарапты да есту үшін Уәлибек Әбдірайымовтың өзіне хабарласқан болатынбыз. Ол кісі Қоянбаевқа ойының оң екенін, алайда киноларында «қазақ тілі мен мәдениетін төмен қылып көрсетуді тоқтатса екен» деген ескертпесін тағы қайталады.
Уәлибек Әбдірайымов, әзілкеш:
- Сол орысша-қазақша араласқанды мен кешіре алмаймын енді. 0:55 өзіңді көрсету мақсатында, кино түсіре алатыныңды білдіру мақсатында қаржыңды жинап алып, осындай әрекетке баруға болатын шығар. Ал енді ол әрекеттен өткеннен кейін, енді ұлтыңызға қарай қызмет істегендеріңіз дұрыс болады-ау.
Әбдірайымов мырза сөзінің түйінін Қоянбаевқа үндеумен аяқтады. Әзілкеш «қолыңда мүмкіндік барда, қазақты ұлы етіп, мықты етіп көрсет. Қазақ киносының жүгі менің емес, сенің мойыныңда», - дейді.
Уәлибек Әбдірайымов, әзілкеш:
– Өтініш менен, қазақ тілі кемпір-шалдың тілі, болмаса ауылдан келген алаңғасарлау баланың тілі болмасын.
Бұл шудың немен тынары белгісіз. Десе де, дауға жақын күндері нүкте қойылмасы анық.