Карантиндегі туған күн! Қарақат Әбілдина 42 жасқа толды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақ әйелінің эталоны саналатын Қарақат Әбілдина үшін бүгін ерекше күн. Айтулы датаны әдетінше қонақтармен мейрамханада емес, үйде отбасымен күтіп алу бұйырған. 42 жасын карантинде үйде қарсы алған өнер иесі арнамызға арнайы сұхбат берді.

Қарақат Әбілдина, әнші:

- Қымбатты нтк арнасы Ревю бағдарламасының көрермендері, баршаңызға менен ыстық жалынды сәлем. Нұрсұлтан қаласында өзімнің құтты шаңырағымнан сәлем жолдап отырмын. Бүгінгі менің туған күніме жолданып жатқан құттықтауларға Алла разы болсын.. Туған күн әдеттегідей ең жақын адамдарымның, құлыншақтарымның, асыл жарымның ыстық ықыласымен басталды.

Сондай-ақ, өнер иесі өзін әлеуметтік желіде құттықтап, шаңырағына гүлдер жолдаған достарына да алғысын білдірді. Алайда аты жаман індеттен сақтанған Қыдырәлі Болманов гүлдерді туған күн иесіне бірден табыстамай, тартуларды дезинфекциялап, аяулы жарын вирустан қорғауға тырысқан.

Ал қамқор әке мен сүйікті жардың Қарақат ханым үшін ерек сыйлығы - оның адал махаббаты көрінеді.

Қарақат Әбілдина, әнші:

- Қыдекең не сыйламады маған, Қыдекең өзінің жүрегін ұсынған, өзінің өмірін ұсынған азамат. Мені алғаш үлкен сахнаға қолымнан жетектеп алып шыққан күннен бастап,мінекей, алақанында аялап, өзінен бұрын мені бірінші ойлап, бар өмірдің жақсылығын, бар өмірдің асылын маған ұсынып келе жатқан азаматқа мен тек қана ризашылығымды білдіремін.

Ақ дастархан басында достарымен жинала алмағанына көпбалалы ана еш өкінбек емес. Өйткені карантиндегі күндеріміз отбасымызбен де ғажап өтіп жатыр дейді ол.

Қарақат Әбілдина, әнші:

- Біздің әсіресе өнер адамдарының көбіне жарты өміріміз сыртта, ұшу қону, сұқбат беру, концерт түсірілімдер сыртта жүреді екенбіз сондықтан да сол олқылықтардың орнын толтырып, бала шағамыздың қасында, тамаша бір ғажап күндер кешіп жатырмыз.

Қырық жастың қырқасын асырған жезтаңдай әнші әр туған күнінде өзіне есеп беруді әдетке айналдырған. Сондықтан 42 жас тек шүкіршілік айтатын жас дейді ол.

Қарақат Әбілдина, әнші:

-Үйде бес құлыншағым өсіп келе жатса, сыртта он қаладан ашылған қарақат мектебінде 5000 жуық шәкіртім тәрбиеленіп жатыр екен. Сүйікті көрермендерім бар, ақтілеулі ағайын туыс бауыр, ақбаталы анам алдымда. Сондықтан бір адам баласының басына керек бақыттың барлығына шүкіршілік етуіміз керек.

Ендеше туған күн иесін, біз де шын жүректен құттықтаймыз!