Коби Брайант пен қызы Джианнаның қоштасу кеші!

Сообщить о проблеме с эфиром

Лос-Анджелестегі Staples Center-де ұшақ апатынан көз жұмған баскетболшы Коби Брайант пен қызы Джианнаның қоштасу кеші өтті. Марқұмның рухына бағышталған бұл шарада спортшының ет жақындары, әріптестері мен достары түгелдей жиналды. Олардың арасында Майкл Джордан, Кристина Агилера, Бейонсе, Ким Кардашьян, Канье Уэст, Дженнифер Лопес сынды танымал тұлғалар жетерлік.

Еске алу кеш Бейонсенің әнінен басталды. Өнерпаздың айтуынша, дәл осы «Halo» трегі кезінде Кобидің ең сүйікті әндерінің бірі болған екен.

Кейіннен сөз кезегі Кобидың жары Ванесса Брайантқа берілді.

Ванесса Брайант, К. Брайанттың жары:

- Джианна... Ол әкесінің қызы еді. Менің досым, көмекшім болатын. Коби... Ол үлгілі жар, сүйікті әке еді. Ол менің барым, нарым, өмірім еді. Коби екеуіміз 17 жастан бастап бірге болдық. Екеуіміздің махаббат хикаямыз тым ерекше. Әрдайым қартайғанда керемет ата-әже атанамыз деуші едік.

Бүгінде, 41 жастағы баскетболшының артында әйелі Ванесса мен үш қызы қалды. Еске салсақ, Коби Брайант 1996-2016 жылдар аралығында «Лейкерс» клубында өнер көрсетті. Мансабында NBA-дің бес дүркін чемпионы, финалдық серияның екі дүркін MVP-і атанған. Сондай-ақ, жұлдыздар матчына 18 рет қатысқан. Спортшының дәл осындай жеткістіктерінің куәсі атанған әріптесі Майкл Джордан, кеште көз жасын бір сәтке де тыя алмады.

Майкл Джордан, баскетболшы:

- Кобимен бірге менің бір бөлшегім де өлді десем артық айтпаспын. Ол менің інім сияқты еді. Коби үздік баскетболшы атануды армандады, ал мен оған көмектесугы тырысатынмын. Тіпті, түнде хабарласып әр нәрсені айтушы еді. Енді міне, ол арамызда жоқ.