Лос-Анджелесте тағы бір тұсаукесер! Бұл жолы голливуд киногерлері «Disney» мен «Pixar» компаниялары бірігіп таспалаған «Алға» мультфильмінің премьерасына жиналды.
Қызыл кілемде төбе көрсеткен қонақтар көшін Крис Пратт пен Том Холланд бастады. Танымал актерлар анимациялық туындыда бас кейіпкерлерді дыбыстаған болатын.
Крис Пратт, актер:
- Мен үшін керемет күн, қатты толқып тұрмын! Біздің үлкен команданың жұмысы бүгін өз мәресіне жетті. «Pixar» компаниясының маған сенім артқандарына шын жүректен қуаныштымын. Бұл әрбір актердің арманы деп ойлаймын.
«Өрмекші адам» образымен танылған Том Холланд тұсаукесерді тағатсыздана тосқан сыңайлы. Жиылған журналистерге ашыла сұхбат берген ол, өз образына тәнті болғанын жасырмайды.
Том Холланд, актер:
- Менің әрбір кейіпкерім бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Дәл осы анимациялық фильмде мен өзге қырымнан танылам. Балақайларға ғана емес ересек жандарға да ұнайды деген сенімдемін. Бұл жоба мен үшін өте маңызды.
«Алға» деп аталатын анимациялық туынды Иэн мен Барли есімді қос бауырдың бастан кешкен хикаясын баяндайды. Эльф болып өмірге келген олар сиқырдың барына сенеді. Ағайынды жігіттер ғажайып әлемді іздеуге аттанып, тылсым күштің көмегімен марқұм әкелерін бір күнге болса да қайта тірілтпек болады.
Октавия Спенсер, актриса:
- Отбасымен көруге тұралық туынды. Себебі, лентада жақындарыңызды бағалау, ата-ананы сыйлау сынды құндылықтар көрсетіледі. Соның барлығын біз көрерменге жеткізе алдық деп үміттенем.
Ал отбасылық мультфильм 5-ші наурыздан бастап үлкен экрандарға жол тартпақ!