Талай хит әндердің авторы Талант Арғынғали Алматының төрінде еліне арнап алғаш рет жеке кешін өткізді. Ән-айтыс форматында ерекше концерт ұйымдастырған ақынды қолдап келгендердің бірі Ринат Зайытов.
Ринат Зайытов, ақын:
- Шығармашылық кеш беретін адамға бір ауыз жылы сөздің өзі көмек шығар! Өйткені, қанша қобалжу болады. Іште күмән болады. Біз жаман, жақсылы болсын бұны бір рет, бұндайдан өтіп көргеннен кейін, өзіміз сезімін білгеннен кейін сол сөздің өзі қажет екенін біліп, бірден жаңағы Талантқа хабарласып: «Тәке не болып жатыр, қалай болып жатыр, бізден не көмек?!» деп айтқанымыз рас. Бірақ, қырып, жойып тастаған ештеңеміз жоқ.
«Кеш өткізудің жүгі ауыр екен» деген ақын қатты қобалжығанын да жасырмады. Тіпті Талант мырза: «болып жатқанның бәрі түс сияқты», - дейді.
Талант Арғынғали, ақын:
- Енді, концерт алдындағы көңіл күй қобалжу басым, әрине, бүгінгі таңертең 11-ден бастап осы жерде дайындық жүріп жатыр! Әншілеріміз келіп, әндерін бір-бір айтып қарап жатыр. Айтыскер ақындарымыз келіп, дайындалып жатыр.
Кеш келеңсіздіктерсіз болмады. Концертке санаулы уақыт қалғанда, бекітілген әртістер келе алмай қалған көрінеді. «Бірақ ешкімге өкпем жоқ» дейді ол.
Талант Арғынғали, ақын:
- Ондай әншілер болып жатыр. Кейбірінің орындары ауысып жатыр, бірақ. Алыстан келетіндер түрлі отбасылық жағдайларға байланысты жете алмай қалып жатқан жағдайлары бар. Енді отбасы болғаннан кейін, өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады. Сондықтан да енді, әрине, адам болғаннан кейін, кешіріммен қарауға тырысып жатырмыз.
Айтыс пен әнге құрылған кеште: Ғазизхан Шекербеков, Дана Кентай, Төреғали Төреәлі, Жазира мен Жанболат, Музарт, Жігіттер квартеті, тіпті алты жыл бұрын тарап кеткен Каспий тобы да төбе көрсетіп, кезіндегі хиттарды орындады. Халықтың қошеметі шараның жақсы өткенінің айқын бір дәлелі болғандай.