Кезекті коллекциясын таныстырған «Армани» көрсетілімі көрерменсіз қалды! Әдетте әйгілі сән үйінің фэшн кешінде бас қосқан бомондтың көптігінен, ине шаншыр жер қалмайтын. Алайда, биыл Джорджио Арманидің өзі қонақтардан шараға келмеуін өтініпті. Бұған себеп – Қытайды жайлаған коронавирус індетінің Италияда таралуы.
«Сақтықта қорлық жоқ» деді ме, осылайша беделді брендтің көрсетілімін сәнқуған сұлулар тек онлайн трансляция арқылы тамашалады.
Бұл жолы Giorgio Armani ready-to-wear яғни, «киуге тиіс» деп мақпал матасын таңдапты. Барқыттан тігілген пенжектер атлас белдемше мен шалбарлармен үйлесім тапқан-ды. Сондай-ақ, шебердің пайымынша гүл принттері трендттен түспеуі тиіс.
Ал көптен күткен көрсетіліміннің соңғы нүктесін 12 қытайлық сәнбике қойды. Модельер Джорджионың аспан асты елінен шабыттанып, 2009 бен 2019 жылдар аралығында әзірлеген үлгілерін киіп шықты. Әйгілі бренд дәл осылай, қатерлі індеттің ошағы атанған қытайлықтарға қолдау көрсетті.