Сая Оразғалиева, Дана Есеева және Жәния Джуринская! Өмірде де, өнерде де жақын құрбылар бірігіп су жаңа комедия таспалап жатыр! Режиссер Асқар Бисембин қолға алған туынды экшн жанрында болмақ. Ал сюжеті танымал блогерлердің шынайы өмірлеріне негізделген-ді. Бұл ұсыныс бикештердің өзінен түскен.
Асқар Бисембин, режиссер:
-Қыздар тіпті драмалық сахналары болу үшін өмірлеріндегі шынайы оқиғаларды сценарийге қосуға ұсыныс білдірді. Шынымды айтсам мен мұндай батылдыққа таң қалдым.
Күнделікті өмірлерін видеоға түсіріп, оқырмандарымен бөлісіп жүрген сылқымдар енді фильмде ел естімеген, жеті қат сандықтан сақтаған сырларын баяндауға да әзірміз деп отыр.
Дана Есеева, блогер:
- Біздер инстаграмда блогер сияқты, бір медийный тұлға дейді ғой сондай болып жүрміз ғой. Сондықтан да ол жерде енді, бәрін көрсетіп жүрміз. Фильмде көрсетуге, енді оның жартысы шынайы болса, жартысы ойдан шығарылған.
Ал экшн-комедияның сюжеті бойынша, Жәнияны ғашығы той алдында тастап кетеді. Жаға ұстатар жағдайға тап болған Джуринскаяға құрбылары көмекке келмек. Басты мақсаттары – күйеужігітті кері қайтару.
Сая Оразғалиева, актриса:
- Біздің шынайы өмірімізден алынған оқиға десем де болады. Балаларымыз да фильмге түседі. Дегенмен лентада қиялдан туған хикаялар да жоқ емес.
Үш құрбы, дәл осылай, алента арқылы қыздар арасында шынайы достық болатынын дәлелдемек.
Жәния Джуринская, актриса:
-Біздің үштігіміз достықтың символы сияқты. Қарым-қатынасымызды брендке айналдыра білдік. Сондықтан біз үшін бұл жобаның орны ерекше. Бұл қадамға бару үшін ұзақ ойландық.
Фильм түсірілімі 1 айға созылмақ. Тіпті, Дана Есеева айы-күні жақындаса да, өз образымды мінсіз сомдап шығуға дайынмын деп отыр. Себебі, лентада аяғы ауыр блоггер үшін қауіпті трюктар болмақ.
Дана Есеева, блогер:
- Жоқ маған қиын болған жоқ, керісінше өте қызық. Өзім бимен айналысқаннан, шамалы спортқа жақын болғандықтан, маған оңайырақ деп ойлаймын. Басқа жүкті әйелдерге қарағанда.
Ал жоба авторларының айтуынша, су жаңа картина, жаңа жыл қарсаңында көрерменге жол тартпақ.