Виктория Бэкхэм сынды, қырық беске келсе де, келісті келбет пен мінсіз мүсін иесі атану әр жұлдыздың арманы десек, артық айтпаспыз! Десе, де отандық шоу-бизнес өкілдері арасында «қазақтың Викториялары» жетерлік. Мәселен, соның бірі – Баян Алагөзова. Продюсердің сұлулыққа келгенде, өз сыры бар.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Суды көп ішу керек. Шәйдан, тәтті мен газдалған сусындардан түбегейлі бас тартқан жөн. Жылы суды күніне екі литрден кем ішпеңіз, сол кезде мүсніңіздің мінсіз болары сөзсіз.
Ал жақында ғана елуді еңсерген Бақыт Шадаева болса, «жас көрінуімнің негізгі құпиясы – өнердің арқасы» дейді. Бар ғұмырын шығармашылыққа арнаған әншінің айтуынша, «сахнада қашанда сәнді әрі әдемі жүру халық алдындағы міндет» екен.
Бақыт Шадаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Оның ешқандай секреті жоқ. Жастайымыздан өнер деп, осы өмірді аттап келе жатқан адамдардың біріміз. Өнер деген енді өзіңіз білесіз ғой енді, үлкен ұғым.– өнерге деген махаббат, құштарлық әр адамның көкейінде бар.
Қырықтың қырқасына шықса да, қылау шалдырмағандардың қатарында Салтанат Қалиева да бар. Екі немеренің әжесі, «әйел адам өзін қандай жағдай болмасын күтіп жүру керек» деген ережені ұстанады. Тіпті тележүргізуші «өзімді қартайдым демеймін» дейді.
Салтанат Қалиева, тележүргізуші:
– Мен ерте күйеуге шыққан соң шығар мүмкін, соның жемісін көріп жатырмыз Аллаға шүкір. Өзімнің 42 жасымда, яғни екі жыл бұрын әже атандым. Қазір жасым 44-те амандық болса.– өзім кереметтей сезініп жатқан жоқпын өзімнің әже екенімді.
Отандық шоу бизнесте жас көрінетін жұлдыздар мұнымен шектелмейді. Қырықтан асса да, сұлулыған сақтай алғандар қатарында: белгілі продюсер Алуа Қонарова, скрипкашы Жамиля Серкебаева, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да бар.