Жарқынай Ханайым ақ келін атанбақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Баян Алагөзова келінді, ал Аша Матай жеңгелі болмақ. Анығырақ айтсақ, азулы продюсердің жобасы Жарқынай Ханайым күні кеше Аша Матайдың ағасына тұрмысқа шығуға келісімін берді. Ал әншінің өзі осы уақытқа дейін жүрегінің жартысы кімге тиесілі екенін барынша жасырып келген.

Жарқынай Ханайым, әнші:

- Иә, сүйіктім бар, көңіл жарастырып жүрген адамым бар. Енді, ол кісілер рұқсат берсе, мүмкін болып жатар. Содан кейін, продюсерлерім рұқсат беріп жатса, келісіп жатсақ, әрі өнерді де, жеке өмірде де алып жүре алатыныма, ол кісілердің көзі жететін болса, сенетін болса, сол кезде тұрмыс құру ойымда бар.

Бұдан-былай қайынәпкелері болатын Жарқынайдың продюсерлері - қос Мақсатқызы жиен інілерінің бақытына тосқауыл бола қоймасы анық. Желідегі Айдар мен Жарқынайдың сол маңызды кештегі бейнежазбалары елді сүйсіндірді.

Айдар Асқарбекті көпшілік Аша Матайдың ағасы ретінде таниды. Соңғы уақытта серіні танымал әпкесі, кино әлеміне жетелеген Баян Алагөзованың жобаларынан жиі байқауға болады. Ғашықтардың танысып, көңіл қосуына себеп болған да, «Рауза» телехикаясының түсірілімі. Жарты жыл бойы көңіл жарастырған жастар шаңырақ көтеруге бекініп отыр. Осылайша фильмде қосылмаған ғашықтар өмірде қол ұстасып, көрерменді таң қалдырды.

33 жастағы сері заңгер мамандығы бойынша білім алып, полиция капитаны қызметін атқарған. Бүгінде кино әлеміне түбігейлі бет бұрған Айдар сондай-ақ, Кешью тобының бейнебаянына да түскен-ді. «Інімнің талантты болғаны өз пайдама шешілді»,- дейді Баян ханым.

Баян Алагөзова, продюсер:

-во-первых Айдар снялся в нашем сериале в главной роли. Айдар менің жобамда басты кейіпкердің рөлін сомдады. Оның актерлік тәжірибесі бар. Екіншіден, ол сымбатты жігіт, сосын ол менің жақын туысым, жиен інім. Сондықтан сыр-сымбаты келіскен, дайын актерді клипке түсіруді жөн көрдім. Өзім шақырдым.

Ендігі үлкен тойға дайындалып жатқан қос өнерпазға біз де бақыт тілейміз.