Отандық әншілер ерекше кеште бас қоспақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Иә, «Республика сарайында ақын Талант Арғынғалидың жеке кеші өтеді» дегеннен Отандық әнші біткенге тыным болып жатқан жоқ. Бәрі концертке қызу дайындыққа кірісіп кеткен. «Болғанынан, боладысы қызық» деген Талант мырза да, алғашқы шығармашылық шарасы үшін қобалжып жүргенін жасырмады.

Талант Арғынғали, ақын:

– Енді концертті береміз деп бастаған кезде бір қобалжыдық, қалай болар екен деп... Одан кейінгі уақыттар зырылдап өтті де, жақындап қалғанда, он күн қалған кезде шынында да басқаша қобалжулар басталып кеткен сияқты.

Республика сарайында «Таланттан тарту» деп кеш бергелі жатқан ақын, «шашбауымды аға-бауырларым мен халқым көтеріп жатыр. Ешкімнің есігін қақпадым. Алақанымды ашпадым» дейді.

Талант Арғынғали, ақын:

– Осы әншілер болсын, жалпы өнер адамдары сұқбат берген кезде, демеушім халық деген кезде мен ойлайтынмын, сонда қалай екен бұл деп? Шындығында да, кез келген өнер адамының демеушісі халық екен. Билет алып келген әрбір адам, сенің демеушің екен.

Айтулы концертте Арғынғали-тегін алғаш ақын ретінде елге таныстырған МузАрт тобы да өнер көрсетеді. «Кешке келген қонақтарды талай қызық күтіп тұр» деген Сәкен Майғазиев, концерттің құпиясын жария етпейтінін жеткізді.

Сәкен Майғазиев, әнші:

–Барлығымыз ақылдасып Талантпен бірге осы әндерді, көптеген танымалдылыққа ие болған әндерді жастар орындап шығады. Өздерінің жаңа интерпритациясында деген ниетпен жастар біздің әндерді орындап шығады Алла қаласа. Ерекшелігі де сол шығар деп ойлаймын кешіміздің.

Ал «Талант қырсық ақындардың қатарынан емес» деген Жазира мен Жанболат атаулы шараға шайырға қолқалап, тағы жаңа ән жаздырып жатқанға ұқсайды. «Енді қайырмасы қалды» дейді Байырбекова.

Жазира Байырбекова, әнші:

– Таланттың сөздерін сұрамай-ақ өзгерте беруге болады. Талантпен жұмыс істеу өте ыңғайлы, оңай.

Ал «кешке санаулы күн қалды дегеннен Талант студияда қонып, еңбектенуде» деген Жанболат Байбатыров, досы мен әріптесіне алдағы кеште сәттілік тіледі.

Жанболат Байбатыров, әнші:

– Қазір сол концертке шығатын әншілердің сөздерін де өңдеу үстінде. Талантта қазір уақыт та жоқ шығар. Талантқа сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарына жете берсін. Жақсы-жақсы дүниелер келе берсін.

Ал ақпанның 22-сі өтетін кешке ақынның өзі де тың дүние дайындап жатқанға ұқсайды.

Талант Арғынғали, ақын:

– өлең оқып та қалуымыз мүмкін. Одан кейінгі жаңағы айтыспен шығып қалуымыз мүмкін. Ән де айтып қалуымыз мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, «Таланттан тарту» кешінде: Музарт тобы, Төреғали Төреәлі, Ғазизхан Шекербеков, Нұржан Керменбаев, Дана Кентай сынды әншілер өнер көрсетеді.