Динара Бақтыбаева сынды ғашығының жүзін жасырып, өз құпиясының құлпын ашуға асықпаған медиа арулар жетерлік! Мәселен, Дильназ Ахмадиева екінші мәрте ақ келін атанғанынан көпшілік бейхабар болды. Әнші тек айы-күні жақындағанда ғана отау құрғаны туралы жағымды жаңалығын сүйіншілеткен еді.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
- Жеке өмірімді жалпақ жұртқа жар салғанды ұнатпаймын. Бастысы, күйеуім бар, жасырмаймын, тұрмыстамын. Ол бар болса, бәрі жақсы болады.
Экс-кешьюлік Элизат Берікова болса, тосыннан тұрмысқа шығып, жанкүйерлерін таңқалтқаны бар. Алайда, тек ұзату тойында сүйкітісі жайлы ағынан ақтарылған ару, ғашығымен он жылдай көңіл жарастырған көрінеді.
Элизат Берікова, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:
- Тұрмысқа шығу жеті жыл бұрынғы әңгіме, негізі. Бүгін міне сәті түсіп шаңырақ көтеріп жатырмын. Жұмысқа байланысты, келісімшартқа байланысты мен қанша болашақ күйеуіме әрқашанда келесі жылы, келесі жылы, күте тұр, күте тұр деп жеті жыл өтіп кетіпті. Сосын болашақ күйеуім биыл күйеуге шықпасаң, онда басқа біреуге үйленіп кетем деді.
Еске салсақ, Берікованың жүрек қалауы – Жәнібек есімді жігіт. Ол әлеуметтік салада қызмет етеді. Бүгінде Элизат отбасылық өмірі мен өнер жолын қатар алып жүрген жайы бар.
Берікованың өнердегі анасы – Баян Мақсатқызы да бұл тізімде! Алагөзовпен көңіл жаратырған продюсер сүйіктісін ел көзінен алшақтатуға барынша тырысқан. Алайда, көпшілік атышулы экс-Есентаеваны жайына қалдырсын ба. Ақыр соңы, қос ғашық бірге түскен фотосын желіге жүктеді.
Баян Мақсатқызы, продюсер:
- Адамдардың өміріме араласа беруінен шаршадым. Өзімді қорғағым келеді. Кез-келген жәйтқа қатысты сұқбат беруді бір жыл бойы доғарамын. Ақпараттардан менің әлеуметтік желідегі парақшам арқылы хабардар болып отырасыздар.
«AMOuAGE» тобының әншісі Анастасия Клещенко болса, әлі де ғашығының кім екенін жасырып жүр. Махаббатқа келгенде екі рет аузы күйген сылқым, бұл жолы әр қадамын аңдап басуға құлықты.
Анастасия Клещенко, «AMOuAGE» тобының әншісі:
- Жеке өмір ол әрдайым барлығына қызықты. Мен көпшілікке көрсетуді ұнатпаймын. Жеке өмірімде барлығы керемет. Себебі, сүйемін және сүйіктімін.