Нұрсұлтан Есжан, тележүргізуші:
– Бүгін Хәрри Поттер табынушылары үшін айтулы күн! Танымал туынды енді қазақша сөйлейді! Аты ерекше, заты бөлек қызықты кеште, мен де көзге оғаш көрінбес үшін кітап кейіпкерлерінің образына ендім!
Көптен күткен «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабының тұсаукесеріне жиылған поттерамандар көп болды! Мұнда келген әр қонақ, сүйікті кейіпкері сынды киінуге тырысқан.
Нұрсұлтан Есжан, тележүргізуші:
– Сендердің мантияларың мен Гарри Поттердің мантиясының арасында қандай айырмашылық бар?
Назерке Құрманғазин, оқырман:
-Меніңше сырт қарағанда ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан осы іс-шараның дресс-коды ретінде киіп келдік.
Еске салсақ, ең алғаш 1997 жылы оқырманға жол тартқан дәл осы Гарри Поттердің хикаялары әлемдік бестселлерге айналған еді. Тіпті, кітап авторы Джоан Роулинг тың туындысының арқасында «ең табысты жазушы» ретінде бірнеше мәрте «Forbes» тізімінің көшін бастады. Алайда дәл осылай, көз бен құлаққа сіңіп қалған «Гарри Поттерді» ана тілімізге аударудағы қажеттілік неден туындады?
Нұрсұлтан Есжан, тележүргізуші:
- Гарри – орыс оқырманы болсын, қазақ оқырманы болсын немесе ТМД елдерінің оқырмандарына «Гарри» есімі ол сіңіп қалған. Фильмнен көрген, басқадан көрген. «Хәрри» деген қаншалықты өтімді болады деп ойлайсыз?
Раиса Сайран Қадыр, жоба жетекшісі:
-Өтімді болады. Біраз уақыттан кейін бәрі үйреніп кетеді. Менің айтайын дегенім, қазақ оқырман әлем әдебиетін өз тілінде оқып үйренуі керек.
Нұрсұлтан Есжан, тележүргізуші:
- қандай қиындықтар болды аударма кезінде? Сіздер түпнұсқадан аудардыңыздар?
-Иә, біз түпнұсқадан аудардық. Содан шамамыз келгенше оригинал Британ Роулингтың өзінің жазған тілімен аудардық. Ортасында басқа тілді кіргізбеуге тырыстық. Терминологияға келгенде көп дауластық. Қайсысы дұрыс түседі дегенге.
Иә, аударма барысында талай дау да, пікірталас та толастамапты. «Бәрі қазақ оқырманының қамы үшін», - дейді Раиса Сайран Қадыр.
Раиса Сайран Қадыр, жоба жетекшісі:
– Енді қазақтың баласы Хәрри Поттерді неге қазақшаға оқымауға...
-Неге Хәрри Поттер дейсіздер?
-Өйткені ол ағылшын тілінде Хәрри ғой. Ол сіздер бәрілеріңіз орысша оқып үйренгенсіздер.
Нұрсұлтан Есжан, тележүргізуші:
-Қанша қаржы кетті бұл жобаға?
-Ол коммерциялық құпия.
-Коммерциялық құпия ақталады деп ойлайсыз ба?
-Міндетті түрде.
Кітапқұмар жастар болса, аударма сапасының артқанын тілге тиек ете келе, «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» туындысын оқуға асық екендерін жеткізді.
Нұрсұлтан Есжан, тележүргізуші:
– Көңіліңнен шығады деп ойлайсың ба?
Назерке Құрманғазин, оқырман:
-Көңілімнен шығады деп ойлаймын. Себебі біздің аудармашылар бұрынғы аудармаға қарағанда қазіргі аударманың сатысы біршама жоғарылаған. Сондықтан сенемін.
Бүгінде Хәрри хикаялары жайлы жеті кітаптың біреуі ғана аударылып, оқырманға жол тартқан. «Қалған алтауына алдағы екі жылдың көлемінде кірісеміз», - дейді жоба жетекшілері.