Актриса Динара Бақтыбаева қалыңдық атанбақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Динара Бақтыбаева ақ келін атанбақ! Күні кеше құда түсіп, құлағына сырға салынған актриса, жақында өзінің болашақ күйеуін көрсетіп көпшілікті таңқалдырған еді.

Динара Бақтыбаева, актриса:

– Мен осы уақытқа дейін жеке өмірімді құпия ұстап келдім. Бірақ бұл жолы өмірімдегі маңызды оқиға болған соң, барлығына болашақ күйеуімді көрсетуді жөн көрдім. Негізі, ол маған қыркүйек айында сөз салып қойған.

Динараға сүйіктісі үйленуге ұсынысты Дубайда демалыста жүргенде жасаған. Сылқымның жүрегін жаулаған серінің есімі – Арман Айтасов. Атыраулық жігіт Канадада білім алған.

Динара Бақтыбаева, актриса:

- Оның өнер әлеміне мүлдем қатысы жоқ. Ол - инженер. Шынымды айтсам, менің де негізгі мамандығым инженер. Екеумізді ортақтастыратын дүние көп.

27 жасқа келіп, ақ келін атанғалы жатқан Динара сүйіктісімен 2011 жылдан бері таныс. Көңіл жарастырған қос ғашық осы аралықта бірнеше мәрте қош айтысып, қайта қосылған.

Динара Бақтыбаева, актриса:

- Біз мектепте оқып жүргенде таныстық. Мен ол кезде 11-ші сыныпта оқитынмын. Сол уақыттан бері қарым-қатынасымыз бразилиялық телехикая сияқты болды.

Осы уақытқа дейін ғашығын жасырып келген Бақтыбаева, жеке өмірін жұртқа жария етуден жасқанғанын жасырмайды. Актриса әсіресе кереғар пікір жазатын хейтрлерден қорыққан.

Динара Бақтыбаева, актриса:

- Менің ойымша көпшілік сенің өміріңді 24 сағат бақылып отырмауы керек. Тіпті мен инстаграмға пост жариялаған сәтте, бірден хейтерлер негатив пікір жаза бастайды. Бұл менің көңіліме тиеді.

Бүгінде Динара ұзату тойының қамына қызу кіріскен. Актриса наурыздың 6-сы ұясынан ұшса, үйлену той 7-сі өтпек.