Нұрлан Қоянбаев «My love is Aisulu» фильмімен отандық прокатта көш бастады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық прокатта өткен уик-эндтте кассалық жиынымен топ жарған фильмдер тізімі анықталды! «Ticeton.kz» сайтының мәліметінше табысты туындылар көшін «My love is Aisulu» картинасы бастайды.

Нұрлан Қоянбаевтың кезекті лентасы айналымдағы алғашқы аптада 76 млн теңгеден аса пайда тапқан. Продюсер бұл жолы Лос-Анджелес қаласына арнайы барып, романтикалық комедия таспалаған еді.

Әсел Сағатова мен Нұрлан Қоянбаевтың өзі басты рөлді сомдайтын туынды, қос ғашықтың махаббат хикаясын баяндайды. Кейіпкер сүйіктісінің көңілінен шығу үшін өзі жайлы жалған ақпарат айтады. Кейіннен сері өтірігі әшкереленбес үшін аруының артынан Америкаға аттануға мәжбүр болады.

Араға 17 жыл салып, үлкен экрандарға қайта оралған бұзық жігіттер екінші сатыда! 32 млн теңге кіріс көрген «Bad Boys» фильмінде әдеттегідей, әйгілі актерлер Уилл Смит пен Мартин Лоуренс бас кейіпкерлер.

Еске салсақ, көрермен көзайымына айналған туындыда қос детективтің бастан кешкен оқиғасы баяндалады. Бұл жолы да полицей қызметкерлері талай қылмыстың бетін ашпақ.

Актер Бенедикт Камбербэтч төбе көрсеткен «1917» тарихи драмасы ТОП үштікті түйіндейді. 14 млн теңге қаржыға кенелген режиссер Сэм Мендестің бұл туындысы алдағы «Оскар» марапатының 10 бірдей номинациясынан үмітті.

Ал тарихи лентада Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі британ әскерінің хикаясы суреттеледі. Сюжет бойынша Блэйк есімді сарбаз генералдың өтінішімен маңызды миссия орындауға аттады. Оның басты мақсаты –шекарасын асып, тыңшылық қызметті мүлтіксіз орындау.