Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильмі арқылы жемқорлыққа қарсы шықты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Нұрсұлтан Есжан, @nursultan_yeszhan:

- Авторлық фильмдерімен талай кинофестивальдің лауреаты атанған Әділхан Ержанов «Черный черный человек» фильмінің тұсауын кесті! Көптен күткен картина енді үлкен экранға жол тартпақ! Комедияға еті әбден үйренген көрермен «нуар» жанрындағы лентаны қалай қабылдар екен?

Былтыр, 67-ші «San Sebastian International Film Festival»-де дәл осы «Қап-қара адам» картинасымен Әділхан Ержанов «үздік режиссер» атанған еді. Авторлық туындыларымен танылған киногер бұл фильмі арқылы көрерменге ой салмақ ниетте.

Су жаңа детективті драма жемқорлық пен қоғамдағы әділетсіздікті бүкпесіз баяндайды. Фильмнің сюжет желісінде, Парақор тергеуші қылмыскердің ісін жасырып, бала өліміне қатысты күдіктілердің көзін жояды.

Әділхан Ержанов, режиссер:

  • Әділхан тұсаукесер құтты болсын! «Черный, черный человек» аты қандай керемет! Неге ұзақ уақыт бойы фильм көрерменге жол тарптады? Қандай кедергілер болды?
  • Себебі біз фестиваль уақытын күттік. Барлығына қатысып барып, киноға шығауды жөн көрдік. Ол маңызды шарттардың бірі болды.
  • Фильмнің көрерменге берері?
  • Нуар – біздің көрермен үшін тың жанр. Егер қызығушылық болып жатса, біз аудиторияны киноның жаңа бағытымен таныстырамыз.
  • Фильмде боқтық сөздер бар екен. Цензурадан қалай өтіп жатыр қиындық болып жатқан жоқ па?
  • Цензураға қарсы келетін кадрлар жоқ. Ал, балағат сөздерді біз дыбыс эффектілерімен жауып тастаймыз.
  • Қазақстандағы кинотеатрлардың барлығында көрсетілмейді бұл фильм. Кейбіреуінде ғана, неліктен?
  • Бұл коммерциялық фильм емес. Авторлық туынды болғандықтан, кинотеатрлардың барлығы прокатқа ала бермейді. Үлкен экранға шыққаны – мен үшін жеңіс.

Еске салсақ, Ержановтың аталмыш туындысы шынайы оқиға желісімен таспаланған. Лентада қатыгез тергеушінің рөлін актер Данияр Алшынов сомдайды.

Данияр Алшынов, актер:

  • Данияр тұсаукесер құтты болсын!
  • Рахмет!
  • Соңғы кездерде авторлық фильмдерден жиі көрініп жүрсің, авторлық фильмдер несімен ұнайды. Себебі неде?
  • Бұл жерде сен өзіңді басқа қырыңнан көрсете аласың. Мәселен, менің кейіпкерім қатыгез, ол аяушылықты білмейді. Бұл мен үшін жаңа дүние.
  • Әділханның басқа режиссерлардан айырмашылығы бар ма?
  • Әділхан - темірдей тәртіптің адамы. Ол артық дубль, артық кадр жасамайды. Біз сахналарды күнара таспаладық, яғни бір күн түсіреміз, екінші күні репетиция жасаймыз. Локацияға келеміз де, бір дубльмен-ақ ойнап шығамыз.

Әділхан Ержановпен жұмыс істеу Динара Бақтыбаеваға осымен екінші рет бұйыртып отыр. Актриса бұған дейін режиссердің «Әлемнің мейірімді бейжайлығы» туындысында бой көрсеткен еді. Бұл жолы Бақтыбаева қылмыстық оқиғаны зерттеу үшін қаладан арнайы келген тілішінің рөлін сомдайды.

Динара Бақтыбаева, актриса:

  • Соңғы кездерде бірқатар авторлық фильмдерге түсіп жатсың, мұның себебі бар ма неге, бұл жанрды таңдадың.
  • Шынымды айтсам 2014 жылы алғаш рет Қазақстандық авторлық киноны көрдім. Ол Әділхан Ержановтың «Хозяева» деген туындысы болатын. Сол сәттен бастап, авторлық картинада басты рөлді сомдау арманым болды.
  • Өзінің образың туралы айтып берші, «Черный черный человекте»
  • Менің кейіпкерімнің есімі Ариана. Еуропадан келген журналист. Ол ауылдағы кішкентай балалардың өлімін жазықсыз жандардың мойынына асып қоятынын біліп, сол жаққа аттанды. Батыр, қайсар мінезді қыз.
  • Сұхбаттарыңның бірінде комедиядан шаршадым дедің, неге шаршадың комедиядан?
  • Мен өзімді комедияға қарағанда, драмалық туындылардан көрем. Әзірге осы бағытта бағымды сынап жүрмін.

Ал Әділхан Ержановтың «Қап-қара адамын» отандық көрермен 6-шы ақпаннан бастап үлкен экрандардан тамашалай алады!