Голливудтық жұлдыздар Нью-Йорк қаласындағы amfAR кешінде бас қосты! Еске салсақ, аталмыш қайырымдылық шарасы 1985 жылдан бастап, СПИД-пен күрес жолында қаржы жинаумен айналысып келеді. Игі кешке шақыртылған меймандар салтанатты шараға кіру үшін арнайы билет сатып алуы тиіс. Ал түскен бар қаражат көмекке зәру жандардың еміне жұмсалмақ.
Бұл жолы AmFAR кешіне қатысып, ауруға шалдыққандарға қол ұшын созуға асыққандар көп болды. Супермодельдер Хайди Клум, Имáн, Синди Бруналар кештің жұлдызды қонақтары көшін бастады.
Коко Роша, сәнбике:
– Сәнбике ретінде, мен де өз тарапымнан дертке шалдыққан жандарға көмектескім келеді. Қоғам мұндай маңызды дүниелерге назар аударуы тиіс.
«Vogue» журналының бас редакторы Анна Винтурды да түйіткілді мәселелер толғандырса керек! Сән туралы қалам тербеп жүрген ол, қайырымдылық шараға қатысуды міндет санапты.