Әртіс біткеннің сыр-сымбаты өзінен бөлек, көпшіліктің де жіті назарында жүретіні белгілі. «Анау азыпты, түгенше толыпты» деген қауесеттен қашып, мінсіз мүсінге ие болуға талпынады.
Ал Дариға Бадықова болса, салмағы үшін алаңдамайтын актрисалардың бірі екен. «Бұған үйреткен көрерменнің өзі», - дейді ол.
Дариға Бадықова, актриса:
– Менің көрермендерім ондай нәрсені сұрамайды менен. Көрермен сұлулықты сүйеді деп айта алмаймын. Өйткені менің өзімнің кинодағы имиджым осындай, менің типажым.
Ал Әбунасыр Серіков болса типаж бен рөл үшін емес, денсаулығы үшін арнайы диета ұстануға мәжбүр. Дерті дендеген актер өткен жылдан бері отадан көз ашпай келе жатқан көрінеді.
Әбунасыр Серіков, актер:
– Денеме 15-20 жерден операция жасайды, осы июльден бері жасатып жатырмын. Мен өзім науқастанғаннан кейін 25 килограмм тастадым. Мен енді енді екі үш килограмм қосып, өз өзіме келе жатырмын.
Ал вайнер Артур Асқарұлы болса, «Арықтаймын деп әлі жүрмін, енді өзімді қалайда қолға алып, спорт зал жағалауым керек. Әйтпесе кадрға сыймай қалатын болдым», - деп әзілдейді.
Артур Асқарұлы, блогер:
- Шыны керек, арықтай алмай жүрмін. Жаттығу залына жазылып қойдым. Енді өзімді қолға алатын кез келді. Жақында сымбатты Артурды қайта көресіздер.
Жұрт алдында көсіліп сөйлеп, көлбең қағып жүру үшін мүсініңнің мінсіз болғаны жақсы. Десе де, арықтау жолында денсаулықты құрбан ету де қателік.