Биыл осымен оныншы рет Баян Алагөзова нағыз «қазақтың аруын» іздеп таппақ! Ақылына көркі сай сылқымдарға қойылатын талаптар тым қатаң. Қыздардың салмағы 53 келіден аспаса, бойы 1,73-тен жоғары болуы қажет. Одан бөлек, «темекі тартпау» сынды тәрбиелік маңызы бар шарттар да жетерлік.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Басты талап арулардың адамдық қасиеті. Одан бөлек, «Қазақ аруы» деп аты айтып тұрғандай, мейірімділік, сұлулық, жан дүниенің тазалығы маңызды. Сенесіздер ме, біз тіпті шылым шеккені үшін немесе дөрекі сөздері үшін конкурстан шығарып жібере аламыз.
Сұлулық сайысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы келген арулардың қарасы мол! Бұрымдылардың басты арманы – «Баян бағымызды жақса екен» дейді.
Дана Ермак, үміткер: (Қарағанды)
-«Қазақ аруы» байқауы ол бәрімізге анық. Ол қыз баланың нәзіктігін сыпайлығын, өнерлі екенін, яғни жан-жақты ашылуын үйрететін тәжірбие ала алады деп білемін.
Ал, Шымкент қаласынан келген Марал есімді бойжеткен, сайысқа қатысу үшін 7 келі салмақ тастапты.
Марал Әмірбекова, үміткер: (Шымкент)
-Менің мақсатым, бұрынғы кішкентай кезімнен елге танылу, атақты болу. Өзімнің сұлулығым мен, өзімді сұлу деп санаймын сол үшін, келіп тұрмын.
Баян Алагөзова болса, өзіне үміт артып отырған бойжеткендерге болашақта келісім шарт ұсынбайтынын ашып айтады. Тіпті, жұлдызды продюсер аруларға танымал етемін деп, ешқашан уәде берген емес.
Баян Алагөзова, продюсер:
-Мен қыздарға жұлдыз боласыңдар деп уәде берген емеспін. Мәселен, өткен жылы бастауыш мектеп мұғалімі жеңімпаз атанды. Түсінесіздер ғой, мен мұғалімнен қалай жұлдыз жасаймын. Сондықтан әр қыздың өзіне байланысты.
Ал кастингтен сүрінбей өткен бұрымдылар, 1,5 ай бойы дайындықтан өтіп, ақтық мәреде өзара сайысқа түспек.