Ашық кеуде, мінсіз пресс... Дәл осылай сымбатты денесімен мақтанып, фотосессия үшін жартылай жалаңаштанған актер Әділ Ахметов желіні шулатты. «Өнердегі інісі Асылхан Төлеповпен жарысып жатыр» деген оқырмандар серілердің суреттеріне оң баға беруде.
Алайда еңбек сіңірген қайраткер мен экс-депутаттың мұндай фотосессия жасауын Нұржан Керменбаев қолдамайды. «Жалаңаш суреттерді өнер ретінде қабылдай алмаймын», - дейді эстрадамыздың қара баласы.
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Ең бастысы шектен тыс шығып кетпеу керек. Ол фотосессия болсын, ол видео болсын, ол жалпы өнер болсын.
Әділ аруларды шулатса, Мақпал Исабекова жігіттер қауымын тік тұрғызды. Индонезия аралында демалыста жүрген ол, желідегі парақшасына бикинимен түскен суретін жүктеді. «Қазақтың Бейонсесі» деп, мақтауға мәз болған Исабекова оқырманның біріне «статистикам түсіп кетті, көтеру керек» деп жауап берген. Ал инстаграм үшін жалаңаштанған Мақпалдың бұл қылығын оның әріптестері де құп көретін сыңайлы.
Айнұр Ілиясова - актриса:
- Қазіргі сәтті суретке түсіріп алу меніңше жаман нәрсе емес. Иә, егер мысал үшін сенің ортаң оған дайын болса, неге жаңағы инстаграмға салмасқа.
Алтынай Жолдыбаева, әнші:
– Қанша адам бар, сонша ой бар. Ондай адамдар да болу керек, ондай адамдарды да жақсы көрем. Мен ойламын адамның көңіл күйі де, ары қарай жұмыстануы да, творчествосы да, өзінің ішкі гармониясымен бірге және ол гармонияны келіп-кетіп жатқан сөздер бұзады деген ой жоқ менде.
Осылайша, жалаңаштанған жұлдыздар әзірге жұрттың сөзі мен кереғар пікіріне құлақ асуға құлықсыз.