«Алаш» атын әлемге әйгі етіп жүрген қазақтың ұл-қыздары жетерлік. 2019-дың жарқын сәттеріне көз жүгіртсек: Аружан Жазылбекова АҚШ-та Golden Screen Awards кинобәйгесінде «Үздік актриса» атанды. Режиссер Әділхан Ержанов – Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» номинациясын иеленді. «Junior Eurovision-2019» бақауында Ержан Максим екінші орын алып, елдің есімін елеусіз қалдырмады.
Жас өнерпаз – өмірінің түбегейлі, жақсы жаққа өзгеріп кеткенін айтады.
Ержан Максим, әнші:
– Өзгерістер өте көп. Көптеген адамдар қазір таниды және де көптеген концерттерге шақырады. Көптеген ұсыныстар түсіп жатады.
Таңды таңға атырып Димаштың жетістігін жырлай беруге болады. Жақында ғана Нью-Йорктегі «Barclays Center» кешенінде әлемнің 50 елінен келген «dears»-тар Димаштың әнін жылап тыңдады. Тіпті кейбір тыңдармандар орын бұйырмай қала ма деген үреймен, концертке 3 сағат қалғанда келіпті. Америка аспанында домбыраның дауысын әуелеткен Димашқа отандастарымыз жаппай сәттілік тілеуде.
Төрткүл әлемге Қазақстанды әншілерден бөлек, түсіріліп жатқан толықметрлі фильмдеріміз де танытуда. Мәселен, Ақан Сатаевтың «Томирисы», Ермек Тұрсыновтың «Шырақшысы», Фархат Шариповтың «Тренинг личного роста» фильмі «Алтын глобус» марапатына ұсынылып, жұрттың жылы лебізін алған еді. Өкінішке орай, аталмыш кинолар шорт-лист тізімне ене алмады.
Дүниені дауысымен дүр сілкінтіп жүрген Димаштан бөлек, Данеля Төлешова, Әділхан Макин, Say Mo, Jah Khalib, Скриптонит, 91 тобы және Ғалымжан Молданазар секілді дарындар алты құрлыққа Алашты танытып жүрген таланттар.