Күні кеше, қазақстандық бейтаныс жігіт ресейлік киногер Данила Козловский фильмінің кастингіне өту үшін 20 млн теңге бергені мәлім болды. Бұл жаңалық көптің жағасын ұстатқаны рас. Десе де, отандық өнер өкілдері арасында да киноға түсу үшін ақша ұсынуға дайын жандар бар көрінеді. Мәселен, соның бірі Алтынай Жолдыбева. Режиссерлардан рөл күтіп жүрген сылқым, тіпті шетелдік фильмдерде төбе көрсетсем деп армандайды.
Алтынай Жолдыбаева, әнші:
- Өзім сүйіп көретін режиссерлар ол Тарантино, Клинт Иствуд өте қатты сүйіп қараймын ол адамдардың фильмдерін. Сондықтан ақшам болса, төлеп берер едім.
Алайда, Әли Оқаповқа әріптесінің бұл қылығы оғаш көрінді. Соңғы кездері актерлықты байқап жүрген әнші, талантың болмаса ақша беріп киножұлдыз атану – әбестік, дейді.
Әли Оқапов, әнші:
- Біріншіден, нәтиже ең бастысы, ең маңыздысы. Қандай жолмен өтпесең де, көрермен көреді ғой сенің жұмысыңды, сенің актерлық шеберлігіңді. Жалпы, сен сол жобаға сайсың ба, жоқ па дегендей. Сондықтан, одан кейін сол ақшаның арқасында өтіп, одан кейін ұятқа қалудың не пайдасы бар.
Ақерке Бүркітбай да бүгінде актриса. Бірнеше телехикаяларда бой көрсетіп үлгерген асылдық ару кастингтердің бір де бірін қалт жібермейді.
Ақерке Бүркітбай, «Assyl» тобының әншісі:
- Киноға түсу үшін, мен ақша бермес едім. Себебі режиссер сені таңдаса, сен сол рөлге лайықсың деген сөз. Келесің, бет-әлпетін келеді. Мысалға, мен көпшілік кастингтерге барамын бірақ мен жартысынан өтсем, жартысынан өтпей жатамын. Мен оған ренжімеймін.
«Қысқасы, ақша беріп ұятқа қалғанша, кастингтен өтпей қалғаным артық», - дейді Ақерке.