Дәл осы «So Long» әні 2018 жылы хитке айналып, әлемдік музыка чарттарының көшін бастаған еді. Осы күнге дейін тыңдарман аталмыш трек «MOLLY» лақап атымен танылған Ольга Серябкинаға тиесілі деп ойлап келді. Алайда күні кеше Максим Фадеев бұл туындыны қоластындағы шәкіртінің орнына өзі шырқағанын айтып, таңқалтты.
«Бірінің орынына бірі ән айту» қазақ шоу-бизнесіне де жат құбылыс емес. Мәселен, кезінде «Арнау» тобының «Сенен басқа» әніндегі Хамитованың партиясын Динара Сұлтан шырқаған. Мұны естіген аталмыш әннің авторы Сейфуллин Жолбарыс Жанарды ақтауға тырысқан да еді.
Сейфуллин Жолбарыс, әнші:
- Мойындапты ғой! Менің даусым «Сенен басқаның» қайырмасына жетпеді. Сондықтан Динараны шақырдым деп. Оған да рахмет. Ол өзінің айта алмағанын мойындапты. Бірақ жанды дауыстарын естідім. Жап-жақсы дауысы бар.
Ал «101» тобы музыкалы продюсер Бағым Мұхитденова да өз дауысымен өзгелерге көмектесіп жүргенін айтады. Жігіттер үшін, бұл қалыпты құбылыс.
«101» тобы:
- Бағым Мұхитденова кейде бэк-вокал айтып, әншілерге көмектесетінін естігенбіз. Негізі, шоу-бизнесте түрлі жағдайлар болады, біз оны айтуға, айыптауға құқылы емеспіз. Егер, өнерпаз солай дұрыс деп шешсе, өз еркі емес пе?
Есесіне, тағы бір продюсер Алуа Қонарова мұндай қулыққа барған «әншісымақтарды» сыйламайды. Оның айтуынша бұрындары талай әнші өзгенің дауысымен сахнаға шыққан.
Алуа Қонарова, продюсер:
/– Бұл мүлде дұрыс емес! Ол артта қалған, яғни 2000 жылдарда болған жағдайлар. Қазір ешкім-ешкімнің орынна ән салмайды. Бұл дегеніміз ұят.
Алайда 2000 жылдар емес, қазірдің өзінде Балжан Бидашқа «Менің орныма ән айтып берші» деп, қолқа салатындар көп.
Балжан Бидаш, әнші:
– Сен ән айта алмасаң не үшін сахнаға шығасың, не үшін әнші атанасың деген сөз ғой. Біз студия барысында жүреміз, ондайлар болып тұрады. Бірақ қарсымын негізінде. Дұрыс емес қой. Ұсыныстар түскенде, өтініштер түседі.
Алайда Балжан дауысы жоқ әріптесінің нақты кім екенін айтқысы келмеді.