Өнердегі отандастырымыздың шет елдегі жарқын сәттері – Украиналық «Голос Дети» байқауында Данеля Төлешова бас жүлделі болды. «Сей Мо» лақап атымен танымал Мөлдір Есембек – Ресейдегі «Песни» жобасының ақтық мәресіне өтіп, көрермен көзайымыны айналды. Ержан Максим «Балалар Евровидениесінде» әділқазылардың шешімімен 1-ші, көрермен дауысымен 2-ші орынға жайғасты және әлем жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді.
Ержан Максим,әнші:
- Өзіміздің Қасымжомарт Тоқаев елбасымыз құттықтағанына қуандым көргеннен кейін. Және де... енді шынымды айтсам өте қуандым.
Біздің тағы бір мақтанышымыз, «өнерде тіл болмайды» дегенді дәлелдеп жүрген Ғалымжан Молданазардың әндері – АҚШ, Португалия және Ресейдің әуе толқындарында жиі шырқалатын болып шықты.
Естеріңізге сала кетейік, әнші өткен жылы көктемде Нью-Йоркте, Чикагода, Хьюстон мен Лос-Анджелесте жеке ән кешін өткізген болатын. «Өнерге адал болғым келеді» деген ол, әріптестерінен де соны күтеді.
Ғалымжан Молданазар, әнші:
- Менің жалпы түсінігім бойынша, егер сен әнші болсаң, сен әнді орындауың керек, тірідей. Ал егер тірідей орындамасаң, сахнаға шығып керегі жоқ деп ойлаймын.
Ал Алматылық Бахтияр Мамедов, яғни бүгінгі Jah Khalib ТМД елдерін өзінің ерекше әндерімен тамсандырудан талмай келеді. Ресейдегі «Муз-тв» байқауында «Жыл жаңалығы» номинациясын еншілеген ол, бұнымен тоқтап қалмады. 2018-де «Алтын граммофонды» жеңіп алды. Ал 2019 жылдың 29-шы қазанында шыққан «Выход в свет» альбомы Ресейлік және отандық музыкалы чарттардың көшін бастап тұр.
Jah Khalib, музыкант:
- Бұл тек бастамасы ғана, қыста тағы бір бейнебаяным шығады. Оған қоса, көктемге де екі бірдей клип әзірлеп жатырмыз. Тыңдармандарым уайымдамаса деймін, себебі біз әрдайым жұмыс үстіндеміз, ізденісте жүреміз. Сондықтан бәрі тек алда!
Әлемдік аренада топ жарып, көш бастап жүрген отандастарымыздың ішінде:
корейліктердің көзайымына айналып үлгерген «91» тобы, өзіндік ерекше стилімен ТМД-ны тамсандырып жүрген Петропавлдық Скриптонит та бар.