Кристен Стюарт бастаған голливудтық бомонд «Chanel Métiers d’Art» шоуына жиналды. Жұлдыздар аса ыждаһаттылықпен дайындалған лакшери кештің атмосферасы да ерек. Мұндай фэшн көрсетлімді әйгілі бренд 2000 жылдан бастап әлемнің әр қаласында ұйымдастырып келеді. Биылғы басқосу Парижде өтті.
Дизайнер Виржини Виар, Карл Лагерфельдтің қазасынан кейін Chanel-дің креативті директоры атанған еді. Сәнгер аталмыш шоуды алғаш рет әйгілі шеберсіз ұйымдастырып отыр. Сондықтан да, фэшн майталманның орнын жоқтатпауға тырысқан Виржини, сахна сыртында қобалжулы күйде болды.
Көрсетілім әлемнің әсемдік астанасындағы Гранд-Паледе ұйымдастырылды. Топтаманы таныстырғандар қатарында Кайя Гербер, Джиджи Хадид сынды сәнбикелер де бар. Ақ, қара, күлгін түсте тігілген жаңа үлгілер Chanel-дің дәстүрлі стилінен ауытқи қоймаған. Олардың арасынан брендтің әйгілі твид костюмын да кездестіресіз.
Ал, жаңа үлгілер кеш қонақтарының көңілінен шыққандай.
Кристен Стюарт, актриса:
- Керемет, әдеттегідей барлығы жоғары деңгейді өтті. Фэшн шарада жиі төбе көрсетпесем де, бүгінгі кешке қатысуды міндет санадым.
Ванесса Паради, актриса:
- Шілтір көйлектер, нәзік образдар барлығы керемет! Әйелдердің сұлулығын аша түсетін ерек коллекция шыққан.
Тың топтамаға тәнті болған Ванесса Паради бұл кешке қызы Лили-Роуз Деппен бірге келді. Одан бөлек, фэшн шоуға Chanel-дің бетпейнесі, әрі Карл Лагерфельдтің музасы болған Пенелопа Крус та қатысты.
Пенелопа Крус, актриса:
- Үлгілердегі әрбір бөлшек, әрбір түс өз орнымен таңдалған. Барлығы Chanel-дің дәстүріне сай болғанымен, заманауи. Өте ерекше.