Әлемдік нарықтағы қазақ кинолары!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық кино туындылар соңғы жылдары көптеген байқауларда оқ бойы оза шауып, бәйгелердің алдын бермей келеді. Мәселен, жарты жыл бұрын жарық көрген «Композитор» фильмі Лос-Анджелесте өткен «Golden screen awards» байқауында төрт бірдей жүлдені қанжығасына байлады. Аружан Жазылбекованы дәл осы картинадағы рөлі үшін сарапшылар үздік актриса деп таныды!

Қытай мен Қазақстан сазгерлері Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың оқиғасын баяндайтын биографиялық лента көрермендер тарапынан да жоғарғы бағаға ие болған.

Сәбит Құрманбеков, режиссер:

- Бастама Қытай жағынан басталды да сондықтан, біз бұларға кастинг арқылы көп, актерлар көрсеттік. Мұнда бір ерекше әсер еткені «Анаға апарар жол», Ақан Сатаевтің фильмі. Сол жерде Аружанды да көрді. Оның алдында Берік Айтжанов жаңағы президенттің киносына қатысқан соны да көрді. Сол екі актер ұнады.

2016 жылы 29-шы қыркүйекте тұсауы кесілген «Анаға апарар жол» фильмі көптеген көрерменнің жүрек қылын шертіп қана қоймай, Орталық Азияның үздік лента атанды. Одан бөлек, Нью-Йоркте өткен «WeLink» кинофестивальінің әділқазылары, бұл кинотуындыны «Үздік көркем фильм» деп таныған. Ал басты рөлді сомдаған Әділ Ахметов болса, «Анаға апарар жол» үшін әліге дейін ерекше мақтанатынын айтады.

Әділ Ахметов – актер:

-Әр рөлім мен үшін бір төбе. Сондықтан да, бұл қазіргі төбелерімнің ішіндегі бір ерекшесі деп білемін.

Ал жүлде алудан алдына жан салмайтын «Айка» фильмі Қытайда өткен «Golden rooster and hundred flowers» кинофестивалінде екі бірдей жүлдеге ие болды. Драмада басты рөлді сомдаған Самал Еслямова көрерменнің таңдауы бойынша «үздік актриса» атанса, Сергей Дворцевой «үздік шетелдік режиссер» жүлдесін иеленген. Одан бөлек Еслямова «Канн» фестивальінде «Үздік әйел рөлімен» марапатталды. Ал күтпеген жерден танымалдығы артқан Самал, қанша уақыт өтсе де бұл қошеметке үйрене алмай келе жатқанын айтады.

Самал Еслямова, актриса:

-Қазақстанға келген кезде, сізбен суретке түсуге болады ма деп жатады. Біріншіде, қазір үйренетін болдым, суретке түсуге барлығына.

Тау көтерген Толағайша күн санап өсіп келе жатқан қазақ киносында үздіктер саны артуда. Мәселен, Нұртас Адамбайдың «Лифті» Лос – Анджелесте өткен «Genrecelebration 2018» байқауында 3 бірдей жүлдені жеңіп алса, «Финанист» киносы «Көрермен көзайымы» атанған. Қала берді, Француз елін дүр сілкіндірген «Әміре» туындысы АҚШ-тағы «Richmond International Film & Music Festival» додасында қос бірдей марапатты қанжығасына байлаған.