«Junior Eurovision»-де Қазақстан атынан алғаш қатысқан Данэлия Тулешова болатын. Жас өнерпаз былтыр бұл сайыста «Өзіңе сен» әнімен 6-шы орын иеленген еді.
Еске салсақ, Данэлия Украиналық «Голос Дети» байқауының әділ қазыларын өнерімен тамсандырып, жеңімпаз атанды. Талантты әнші шетелдік тыңдарманның көңілінен шыққан соң, елде де танымалдылығы артқан-ды.
Тулешова Ресей, Украина ғана емес, АҚШ-та да өзінің бағын сынап көрді. 13 жастағы өнерпаз әлемнің түкпір-түкпірінен келетін таланттылармен бірге «The World's Best» шоуына шақырту алғанды.
Данэлия Тулешова, әнші:
- «The World's Best» маған үлкен тәжірибе сыйлады. Мен көптеген мықты адамдармен жұмыс істедім. Мысалы, Пинктің продюсері америкалық аудитория қандай музыкалық бағытты жақсы көретінін айтып, біраз құпияның бетін ашып берді.
Данэлия сынды, АҚШ-ты бағындырған Софи Манасян да, қазақ елінің атын әлемге танытып жүрген жас өнерпаздардың бірі. Кішкентайынан хореографиямен айналысатын бүлдіршін «America’s Got Talent» шоуына шақырту алып, әйгілі «Barbie» компаниясының бет-бейнесі атанған. Ғаламторда ауқымды аудиториясы бар Софи, бүгінде халықаралық би сайыстарын жібермеуге тырысады.
Софи Манасян, биші:
-Мені қолдағандарыңызға алғысым шексіз. Бұл маған шабыт сыйлайды. Қазақстан, мен сені жақсы көремін!
Aminoka, блогер:
-Бір күні кешке менің почтама Nickelodeon-нің өзі хат жазды!
Инстаграм жұлдызы Аминока да «Kid’s Choice Awards»-тан ұсыныс алған болатын. Вайнер ханшайым «YouTube»-та оқырманы көп блогер аталымы бойыша үміткер еді. Алайда, Аминка Витаминкаға жүлделі орын бұйырмады. Қазіргі таңда, Ресейге қоныс аударған балақай шығармашылығын шыңдау үшін барын салуда.