Кезінде Кәмшат Жолдыбаева, Айдана Меденова не Жанар Дұғаловалар киген көйлектерді қазіргі «Кешюлік» қыздарының үстінен көрсеңіз, еш таңқалмаңыз! Себебі, Баян Алагөзова тек қоластындағы әншілерге ғана емес, киносына түскен актерларға да кезінде түсірілімдерден қалған киімдерді кигізетінін жасырмайды.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Біздің үлкен гардеробымыз бар. Онда іш киім, шұлық, ішік, не керек десеңіз бәрі бар. Ескісі де, жаңасы да. Оларды кім кимеді десеңші. Егер мұқият байқап қарасаңыз, кинодағы бір киімді, басқа кинодан байқап қалуыңыз әбден мүмкін.
Алагөзова «қанша дегенімен, кинодағы әр образ ақшаға сатып алынған дүние» - дейді. Сондықтан, оны қалай жаратса да, продюсердің өз еркі.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Мәселен, «Сиситай» фильміне арнап сатып алған арбамыз болды. Ол ұзақ уақыт есігімнің алдында тұрды. Ақыр соңы, қоярға жер таппай тастауға тура келді.
Баянның әріптесі Әсел Садуақасова да, кинода қолданған әр дүниесін сақтап қояды. Продюсер, оны күндердің бір күнінде кәдесіне жарататынына сенімді.
Әсел Садуақасова, продюсер:
- Біздің үлкен қоймамыз бар. Онда фильмдердегі барлық реквизитті сақтаймыз. Болашақта кәдемізге жарап қалар деп, заттарды тастамауға тырысамыз.
Ал, Нұртас Адамбай болса, кинодағы реквизиттерін мүлде басқа мақсатта қолдану үшін, сақтап жүр!
Нұртас Адамбай, режиссер:
- Белгілі бір уақыт өткен соң, кинода қолданған дүниелерімізді бәссауадға қойып, сатамыз деп үміттенемін. Мысалы, Сабина Келіннің халаты. Ондай уақыт әлі келеді деп ойлаймын.
«Бүгінгі күн - ертеңгі тарих» деген режиссер, осылайша болашақта Сабинаның әр көйлегіне сұраныс білдірушілер көбейетініне сенімді.