Анатолий Цой «MBAND» тобынан кете ме?

Сообщить о проблеме с эфиром

Аты жарты әлемге мәшһүр «MBAND» тобында өнер көрсеткелі Анатолий Цойдің де шоу-бизнесте шоқтығы биіктей түскені анық! Тек, отандасымыз топтың тірлігімен ғана тұйықталып қалуға құлықты емес. Жеке шығармашылығын шыңдауға білек сыбана кірісіп кетті! Соло әнші ретінде алғашқы ұсынғаны - «Не больно» атты трек!

Анатолий Цойдың дара әншіге айналуы «MBAND» бойзбендінің жұмысына кері әсерін тигізбейді. Музыкант ұжымдағы жұмысы мен жеке шығармашылығын қатар алып жүрмек!

Анатолий Цой, «MBAND» тобының әншісі:

-Топ түбегейлі тарап кетпейінше, мен ұжыммен бірге боламын! Себебі біздің алға қойған қаншама жоспарларымыз бар. Менің жеке шығармашылығым, «MBAND» тағдырына кедергі болмайды деп ойлаймын.

Анатолий, Константин Меладземен 7 жылдық келісімшартқа отырған. Бүгінде продюсермен 5 жылдан бері ортақ іс атқарған әнші, Меладзенің қол астынан әл -әзір кетпек емес.

Анатолий Цой, «MBAND» тобының әншісі:

-Жеке әнші ретінде шыққым келетінін продюсерім Константин Меладзеге жеткізіп, рұқсат сұрадым. Ол кісі бірден келісімін беріп, мені қолдады. Қандай жағдай болса да мен Меладземен жұмыс істеуімді жалғастырғым келеді. Себебі, «Меладзе Music» продюсерлік орталығында әртіске барлық жағдай жасалған.

Ресейге ғана емес, ТМД елдеріне танылған «MBAND» тобы жуырда 5 жылдық мерейтойын Мәскеуде атап өтпек. Бойзбенд осыған орай гастрольдық турнеге аттанады. Бұдан бөлек, «TSOY» атын жеке алып жүруге Анатолий алғашына күмәнмен қарағанын жасырмайды.

Анатолий Цой, «MBAND» тобының әншісі:

-Тәуекелге бел буу, ол қашанда қауіпті. Кезінде Мәскеуге келген уақытта мен басымды қатерге тіктім. Менде Алматыда жұмысым, жалғыз пәтерім болды. Бәрін тастап, байқап көруге бел будым.

30 жастан асқан Анатолийдың шығармашылығында ғана емес, жеке өмірінде де жаңалықтар жетерлік. Сері, өзінің сүйіктісі бар екенін де айтып қалды.

Анатолий Цой, «MBAND» тобының әншісі:

-Сүю, сүйікті болу - шабыт сыйлайды. Менің жүрегім де әрдайым сезімге толы.

Ал, талантты музыкант келер жылдың басында алғашқы альбомын жарыққа шығармақ. Оған дейін әншінің фанаттары біршене жеке бейнебаянына куә бола алады.