Әнші неге жүктілігі жайлы ашылып айтқысы келмейді?
Динара Сұлтаннның соңғы кездері шығармашылығына баса назар аударып, үлкен ізденісте жүргенін көпшілігі біледі. Бірақ әнші мансап қуалап кететін қыздардың қылығын құптамайтынын айтады. Себебі, 21 жасында шаңырақ көтерген Динара, «адамның ең бірінші байлығы – отбасы» дейді.
Динара Сұлтан, әнші:
– Енді баяғы заманда айтып жатады ғой, «13-те отау иесі» деп. Енді, әрине, 25-26-дан асқаннан кейін кеш деп айтып жатады. Шыныменде 25-ке дейін шығып алған дұрыс деп ойлаймын.
«Алма, алма ағашынан алысқа түспейді» деген әнші, бес баласының да әнге қабілетті екенін айтады. Егер «өнер жолына кетемін десе, жетелеуге әзірмін» дейді ол.
Динара Сұлтан, әнші:
– Егер өнер жолына кеткім келіп тұр, ән айтқым келеді, би билегім десе әрине мен олардың аяқтарын, жолдарын байламаймын. Әкелері де ешқашан олай жасамайды. Керісінше біз қолпаштап, қолдап жібереміз деп ойлаймын.
«Өмірбақи өнерде жүре бере алмаймын ғой» деген Динара, биыл магистр ғылыми дәрежесін алмақ. Ол өзін алдағы уақытта ұлағатты ұстаз ретінде елестетеді екен.
Динара Сұлтан, әнші:
– 10 жыл өткеннен кейін магистратураға түсуді жөн көрдім. Өзімнің эстрада вокалдық мамандығыма. Әрдайым селкілдеп өлең айтып жүру де оңай емес. Және де ұят деп ойлаймын. Жасым келе мүмкін мұғалім боламын.
Динараны қанша жерден заманауи ағымға ілескен аналардың қатарына жатқызғанымызбен, әлеуметтік желіге әуселесі ауғандардың тізімінде жоқ болып шықты. «Уақыт таппағаннан емес, қызықпағаннан» дейді өзі.
Динара Сұлтан, әнші:
– Шыны керек мен қадағаламайды екенмін. Мен оны білмеймін де, қалай қарау керек екенін. Мені көбінесе қарайтын жаңағы жас аналар.
Кең етекті көйлек киген әншінің өзгерген мүсініне қарап алтыншы рет аяғы ауыр екенін байқау қиын емес. Дегенмен, сылқым көз бен сөзден тайсалды ма, жүктілігі жайлы ашылып айтқан жоқ.