Селена сылқым, сезімін қайта жаңғыртуға көшкен секілді. Себебі сұлу, Нью-Йорк қаласында өзінің экс-бойфренді Сэмюэль Кростпен романтикалық кездесуге барды. 2015 жылы көңіл қосып, 2 айдан кейін айырылысқан олар, жылы қарым-қатынастарын сақтап қалғандары көрініп тұр. Әнші өткен аптада берген сұқбатында «нағыз махаббатты» қалайтынын айтқан еді. Кім білсін, ару бұл сөзінің астарында Сэмюэльді меңзеген де шығар...
«Қорладың, саған тиіп оңбадым!» деген Эмбер Херд, Джонни Деппке жаңа айып тағуда! Ажыраса алмай жүрген екеу, тағы тың ақпараттармен бөлісуде. «2016 жылы Депп жұмыс орнында мені соққыға жықты» деген Херд, құзырлы орынға арыз жазғанды. Енді, актер бұл оқиғаны жасырып отырғанын және ешкімге тіс жармасын деген желеумен куәгерлерді сатып алғанын айтады. Ал Джонни өз кезегінде бұл мағлұматты жоққа шығарды.
Амаль Клунидың қашанда еңсесі тік, жүрісі ширақ. Бірақ, кеше ғана қорғаушы ханым, Нью-Йорк көшелерінің бірінде асығып жүремін деп, сүрініп кетті. Амальдің қасынан өтіп бара жатқан кездейсоқ жолаушылар шынтағынан демеп қалмағанда, сылқым аяғын сындырып алуы мүмкін еді. Үстін қағып жатып: «Енді бұл аяқкиімді кимеспін» деп қалжыңдады ол.