Режиссер Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» картинасының тұсауын Испанияда кесті! Аталмыш туынды әлемдегі ең көне кинофестивальдердің бірі – 67-ші San Sebastian International Film Festival-дың конкурстық бағдарламасына қатысуда. Премьераға түсірілім тобы түгелдей келді.
Нуар жанрындағы драмада режиссер әдеттегідей қоғамдағы өзекті мәселені сөз етеді. Сюжет бойынша, Бекзат есімді тергеуші, бала өліміне қатысты істі тез арада жапқысы келіп, жазықсыз жанды кінәлі деп таниды. Алайда, бұл оқиғаға қаладан келген журналист араласады. Картинадағы қайсар арудың рөлін Динара Бақтыбаева алып шықты.
Динара Бақтыбаева, актриса:
- Байқағандарыңыздай фильм күздің суық күндерінде түсірілді. Одан қалса қар жауып, ауа райының суықтығынан қиналғанымыз бар. Алайда, мен үшін қиыны – адамның мәйтінің макетіне қарау болды. Шынымды айтсам, қатты қорықтым.
Ал, фильмде бас кейіпкер, «қап-қара адамды» сомдау – Данияр Алшыновқа сеніп тапсырылған болатын.
Данияр Алшынов, актер:
- Әріптесім Динараның сөзімен толықтай келісемін. Одан бөлек, бас кейіпкерді сомдау да оңай емес. Айнала қан, атыс-шабыс, менің тісім түсіп қалған, қысқасы қорқынышты кадрлар.
Лентаның көрсетілімінен соң ұйымдастырылған пресс-конференцияда, шетелдіктердің отандық туындыға қызығушылығы байқалды. Көпті толғандырған тағы бір сауал – фильмнің музыкасына байланысты болды.
Әділхан Ержанов, режиссер:
- Картинадағы әуендер фильмге арналып әзірленді. Оны Қазақстандағы ең танымал композитор Ғалымжан Молданазар жазып шықты. Байқасаңыздар, лентада бірнеше трек қолданылған.
Еске салсақ, аталмыш картина өткен жылы Almaty Film Festival кинобайқауы аясында өткен питчинг жобаларының жеңімпазы атанған. Драма, фильм продюсері – Ақан Сатаевтың қолдауымен дүниеге келді.