Көктем-жаз 2020 топтамасы! Сәнқойлардың сүйіктісі «Michael Kors» «New York Fashion Week»-тің соңғы күнінде коллекциясын ұсынды! Сән көрсетілімдерінің тұрақты мейманына айналған Николь Кидман, мінсіз талғамымен тәнті етті. Актриса кештің тағы бір жұлдызды қонағы Кейт Хадсонмен шүйіркелесіп те, «Michael Kors»-тың су жаңа образдарына баға беріп те үлгергендей. Апалы-сіңілілі Хадидтер мен Кая Герберді сән сахнасына шығарған дизайнердің бұл жолы шабыты аса шалқығаны байқалды. Коллекция теңіздің буырқанған толқынысы мен алма иісі аңқыған бау-бақшаны еске түсереді, дейді сән сыншылары. Дизайнердің өзі тор және жолақты костюмдерді гүлмен көмкерілген кеудешелермен үйлестіруді ұсынды. «New York Fashion Week»-тің осы маусымындағы тағы бір басты көрсетілім Рианнаның Savage x Fenty ішкиімдер топтамасы десек жаңылмаспыз. Дегенмен, сылқым перфомансқа толы шоуды құпия өткізуді жөн санап, көрсетілімді таспаға тартуға тиым салған.
Рианна – әнші, сәнгер
– Топтамадағы әр затты өз қолыммен ұстап көруім керек. Онлайн қарап, бірден сатылымға шығармаймын. Сосын, ішкиім өндірсінде міндетті түрде шілтері қолданылуы тиіс деген стереотип қалыптасқан. Менің коллекциямнан ешқашан ол торлы матаны таппайсыз.