Әйгілі «Биллборд» чарты аптаның үздік альбомын анықтады. Меломандар таласа тыңдаған әнжинақтар арасына бірден үштікке ілінген - Ла́на Дель Рейдің су жаңа еңбегі.
Ең танымал чартта Лана, бірер апта бұрын жарық көрген «Norman fucing rockwell» атты альбомымен көзге түсті. Бұл 35 жастағы америкалық әншінің шығармашылығындағы алтыншы үнтаспасы. Рок жанрында жазылған тректер 104 мың данамен таралып кеткен.
Тейлор Свифт екінші сатыға жайғасты. Өнерпаздың соңғы «Lover» әнжинағы әлі де тыңдармандардың көңілінен шығуда. Алғашқыда «Биллборд» тізімінің көшін бастаған үнтаспа Тейлордың фанаттарына арналса керек. Әнші жанкүйерлеріне деген махаббатын осылайша дәлелдегендей.
Ал музыка саласында кіл мықтыларды анықтайтын чарттың бірінші орын иегері сөзсіз «Tool»тобы. «Fear Inoculum» атауымен жаңа альбомдарын ұсынған альтернативті ұжым 13 жылдық үзілістен кейін ортаға оралды. Тыңдармандарын сағындырған аталмыш құрам алғаш 1990 жылдары танылған еді. Енді, сахнаны қайта бағындыруға кіріскен «Tool» заманауи жастардың да көңілінен шығамыз деп отыр.