Жұлдызды бомондтың басым бөлігі қызу шығармашылық іске білек сыбана кіріскенде, біразы шетел асып, шалқар шабытын шалқытып қайтуды жөн санаған.
Мәселен, жаз бойы той-томалақты аралап, мемлекеттік қызметін де қоса ала жүрген Мөлдір Әуелбекова Мысырға аттанып кетті. Шарм-эль-Шейхтың Қызыл теңізіне түсіп, пирамидаларын түгел шарлап үлгергендей.
Еліміздің батыс аймағындағы жоспарланған концерттерін кілт үзіп, Тұманды Альбионнан бір-ақ шыққан Ерке Есмаханды уәдеңде тұрмадың деп айыптағандар көп. Дегенмен, сылқымның сөзінше аяқ асты іссапармен Лондонға ұшып кетуіне тура келіпті. Бұл саяхат соңы жемісті болғалы тұр деп үміттендірді тыңдарманын.
Таяуда ғана шаңырақ көтеріп, құсын қолына қондырған Қанат Бейсекеев бал айын Қырғыз елінде өткізіп жатыр. Таулы-қыратын түгел аралап, Ыстық көлге де соға кеткен жас жұбайларға этно стильдегі демалыстары ерекше әсер еткендей. «Бір оқпен қос қоянды көздеген режиссер» түсірілім жұмыстарын да қоса жүргізуде.
Балжан Бидаш Корей еліне кетті. Сылқым Сеулде денсаулығын тексертіп алуды жөн санаған. Ал, Нұрлан Батыров болса, Амстердамды шарлап жүр.