Өнер жұлдыздары мен бизнесмендер де Шымкентке жедел аттанып, зардап шеккендерге жәрдемдесіп жатыр.
Арыстағы жағдай – «ел басына күн туғанда, етігімен су кешуге» әзір азаматтардың қарасы мол екенін көрсетті. «Өнер қырандары» театрының актерлары, Ғазизхан Шекербеков, Бағлан Әбдірайымов сынды сахна саңлақтары түнімен жол жүріп, бүгін таңға таяу көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылған.
Мэлс Жақыпберді – актер
Шымкент қаласына келдік. Дәл хаос болып жатқан жердеміз. Мына жерде бауырларымыз көп адамға көмектескен. Су мен тамақтан проблема жоқ. Бірақ, киім-кешек, аяқ киімдер керек.
Қайрат Құдайбергенов те алғашқы рейстердің бірімен Шымкентке ұшып келіп, жәрдем беруге білек сыбана кірісті. Халық қалаулысы жұрт әкелген азық-түлік пен киім-кешектің шын мұқтаждарға жетуін қадағалау қажет дейді. Себебі, өзгенің қайғысын бас пайдасына жаратып жатқан қара ниеттілер де жоқ емес екен.
Қайрат Құдайбергенов – Алматы қалалық мәслихатының депутаты, бизнесмен
– Қарағандыдан, Атырау, Ақтөбе, Астанадан, Алматыдан қоңырау шалып, не қажет, жәрдемдесейік деп жатыр. Қазір, үшінші рет қажетті заттарды сатып алып, таратуға әкетіп бара жатырмыз. Халықты орналастыратын жерлер тапшы. Сондықтан, қонақ үйлері, хостелдері бар жандардан жәрдем күтеміз.
Алматылықтар да Арыстықтардың қайғысын айналып өте алмады. Шама-шарқынша көмек қабылдау орындарына қажет дүниені өткізіп жатыр. Бүгін кешкі 20:00-ге дейін жылу жиналып, еріктілер оны жүк көліктеріне тиеп Шымкентке жөнелтеді.