Әуелде көңілді кейіпте көпшіліктің жүрегін жаулаған Серік, бұдан былай басқаша болмысымен баурамақшы. Әншінің кезекті клипі баяу әрі драма жанрында таспаланып жатыр.
- Кішкене болса да бір салмақты образ көрсету керек болды халыққа. Ән де сондай бір салмақты. Өзімнен бір жағынан есейгім келді де. Сосын бұл бейнебаянның фишкасы толық отбасым түседі. Бала болып жүріп бізде әке болдық деген сияқты. Сол кішкентайым да түседі.
Иә, соңғы кездері танымалдар тыңдармандарын өнерімен емес, жеке өмірімен елеңдетуге құмартып әлек. Отандық жұлдыздар арасында белең алған бұл үрдіс тренд пе, әлде шығармашылық тоқырау ма?
Серік Ибрагимов, әнші:
- «Біреулер үш жылдан кейін үйленгенін көрсетіп жатса, біреулер 10 жылдан кейін көрсетіп жатыр», деп жасырмай-ақ қояйын кім екенін. Қайрат пен Төреғали да істеп жатыр деймін де. Бірақ оның алдында мен тойымды барлығын көрсетіп қойған болатынмын. Бұл енді тренд, біреудің істегені деген нәрсе емес.
Алғашқы жылдары әнші жігіттің танымал әндері көп еді, соңғы уақытта Серік хит жазуды сиреткен. Оны өзі де жоққа шығармайды.
Серік Ибрагимов, әнші:
- Көңілім толмайды негізі. Себебі адамның көңілі толса, жұмыс істемей қалады. Іздене беру керек қой. Тек қана хит жазайын деп емес, бір жақсы дүние жазайын, жақсы нәрсе істейін деген сияқты.
Ибрагимовтің жаңа видеосы «Сенемін саған» деп аталады. Бірнеше локацияда түсірілген бейнебаянда отбасылық құндылық пен ерлі-зайыптылардың өзара сенімі суреттелмек.