Ресейде өткен «Голос.Дети-2019» жобасында әуелде екінші орынды еншілеп, кейін дауыс беру процесін қайта қараған комиссия, отандасымыз Ержан Максимнің топ жарғанын анықтаған-ды!
Дәл осы жарқын жеңісінен соң, жас жұлдыздың өмірі күрт өзгерген. Қазіргі таңда Ержанға ел арасында емін-еркін жүріп-тұру оңай емес.
Ержан Максим, жас әнші:
- Көбінесе қазір мен көшеде көп жүрмеймін. Көбінесе көлікте отырып аламын. Бірақ, машинамен жүріп бара жатсаң, бағдаршамға тоқтап қалсаң, адамдар мені тани бастайды да. Былай қарайды, қарағаннан кейін біз машинамен қатты басамыз. Артымыздан қуып келіп: «Ей, сен Ержан Максим емесің бе?», - дейді. Сосын «иә» десем, «молодец, молодец» дейді.
Қазақ баласы күз мезгілінде Мәскеуге қоныс аудармақ. Жас өрен Игорь Крутойдың өнер мектебінде музыкалық білімін шыңдайды. Ұсыныс әйгілі композитордың тарапынан түскен.
Ержан Максим, жас әнші:
- Құдай қаласа, қыркүйек айында Мәскеу қаласына Игорь Крутой ағамыз шақырған. Сол кісінің өзінің академиясына барамын. Сол жақта тұрамын. Бес жыл бойы сол жақта тұрып, сол жақтан тәрбие алып, шыңдаламын.
Ресейге аттанар алдын, Ержан Елордада есеп беру кешін өткізбек ниетте. Ауқымды аудиторияның алдында ән салатын ол, бұл шоуға шет елдік достарын шақырмапты.
Ержан Максим, жас әнші:
- Жоқ, қатыспайды. «Голос.Дети» жобасындағы достарым қатыспайды.
Есесіне балалар байқауындағы басты бәсекелесі Микелла Абрамовамен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Жас әншілер «Это любовь» атты әнге дуэт жазып, клип те түсіріп үлгеріпті. Тыңдармандары тағатсыздана тосқан тың туындының таяуда тұсауы кесілмек.