ТУҒАН КҮНІҢ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ЗАРИНА!

Сообщить о проблеме с эфиром

Омарова бүгін 37-ші туған күнін тойлауда! Зарина қаршадайынан қазақ өнеріне қызмет етіп келеді. Ол 16 жасында зәулім сарайда ән кешін өткізіп, ауқымды аудиториясын қалыптастырып үлгерген. Бірақ бұл бикешке әрдайым сәттілік серік болған жоқ. Жұлдызы жанған шақта кенеттен жол апатына ұшырап, өлім аузынан аман қалғанын әлі ұмыта алар емес.

Зарина Омарова, әнші:

- Өте қайғылы апат болды, өйткені екі адам қаза болды. Мен ғана тек тірі қалдым. Өмірге екінші рет келдім сол кезде. Барлық жерлерім сынып, зақымданды. Алты ай төсек тартып жатсаң, сен кішкентай қыз болсаң да, есейіп кетеді екенсің. Өмірге басқаша қарайсың.

Омарова 10 жылын отбасылық өмірге арнап, отандық шоу-бизнеске қайта оралды. Бірақ Заринаға әріптестері жатырқай қараған. Ал әншіні құшақ жая қарсы алған құрбылары санаулы ғана...

Зарина Омарова, әнші:

- Мәдина, Дильназ... Адам өзгереді ғой енді жыл өте, басқа өте. Әрине қиын, оңай емес! Негізі қайтадан сахнаға шығу оңай емес. Енді оның бәріне адамның өзінің күш-қуаты керек.

Заринаға декреттік демалыстан соң, шоу-бизнеске бірден сіңісу оңай болған жоқ. Бикеш 25 келі салмақтан арылды. Бұл сахнаның қатаң талабы мен жан жарының өтініші еді.

Зарина Омарова, әнші:

- Жолдасымның кішкене қысылып жүргенін байқадым. Соны байқағаннан кейін стимул болды мен үшін. Өз-өзіме келу үшін. Сосын жолдасым айтты сен өз-өзіңе келсең, мен бәрін жасаймын. Сахнаға шығасың деді, сөйтіп мен өз сөзімде тұрдым, ол өз сөзінде тұрды.

Омарова әншілік мансабымен қатар, жеке өмірінде де жолы болған жан. Бүгінде ол арқай сүйер азаматымен ұл-қызын тәрбиелеп отыр.

Зарина Омарова, әнші:

- Папасы физматты бітірген. Сол себепті, баласы да соның артынан жүретін шығар. Ал енді кішкентай қызым Жасмин, сондай «артистичная» өзі. Мамасы сияқты... Актриса боламын дейді.