Ал, Динара Қырықбаева кімнің түн ұйқысын ұрлап жүр?
Мейрамбек пен Мәдина қазір әріптеске айналғанымен, кезінде Бесбаевқа әнші ару қатты ғашық болған. Бикеш таяуда тұсауы кесілген бұл бейнебаянға өткен өміріндегі ерекше ностальгияны топтастастырыпты.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- Мәдина Сәдуақасова мысалы өзгерді. Мүлдем басқа адам. Жас студент кезде ғашық болған адамы, мына өмірде, қазіргі оның досы, әріптесі және де ешқандай сезім қалмаған.
Сәдуақасованың сырын ақтарғаны сол еді, шоу-бизнестің өзге өкілдері де өткінші сезімді еске алып әлек. Мәселен, Аян Бірбаев үшін, Динара Қырықбаева қол жетпес арманға айналған.
Аян Бірбаев, Rin’Go тобының әншісі:
- «Қара да отыр, бір күні Динара Қырықбаева менің қызым болады», - деп айтатын кездерім болатын. Кәдімгідей маған ұнайтын Динара Қырықбаева. Ол біледі осы оқиғаны. Мен тойында да осы оқиғаны айтып берген болатынмын. Кезінде мен ғашық болғанмын, маған ұнайтын Динара деп.
«Ринголықтар» тек ғашықтық сезімді бастан өткеріп қана қоймай, өздеріне де сұлуларды ынтықтыра білген. Асыл тобының арулары осыдан 10 жыл бұрын бойзбендтің серілерін сырттай ұнатқандарын айтады.
«Асыл» тобы:
- Ол кезде «Ринго» тобы біздер мектеп оқып жүрген кезде, олар енді шығып жүрген әдемі балалар болатын. Қазір білдей бір отбасының отағалары.
Қобызшы қыздардың кезінде қазақ жігіттеріне аңсары ауса, бүгінде Жүзім тобының бұрымдылары корейлік поп музыка өкілдеріне өлердей ғашық.
Juzim тобы:
-Корей елінің «Биг бэнг» тобының «G-Dragon» деген әншісі қатты ұнаған болатын. Жақсы көріп, суреттерін сақтап, әндерін тыңдап деген секілді.